×

Арнайы экономикалық аймақтар: төлеген салығы құйған ақшаға жетпейді

14 арнайы экономикалық аймақтың 3-еуі ғана толық аяқталған

 Ая Өміртай 11.07.2023 | 14:50
Фото: strategy2050.kz

Қазақстанның 14 арнайы экономикалық аймағында 317 өндіріс орыны іске қосылған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның ішінде Алматы облысының Қонаев қаласында жаңадан құрылған «G4 city» АЭА жаңадан құрылған. Ал «Астана – жаңа қала» АЭА-ның құрылғанына бүгінде 20 жылдан асты. Одан кейін «Ақтау теңіз порты» АЭА мен «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА бар.

МЕМЛЕКЕТ 402,4 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛГЕН

АЭА инфрақұрылымын жүргізуге мемлекет тарапынан 402,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Қазір арнайы экономикалық аймақтардағы инфрақұрылым дайындығының аяқталуының орташа көрсеткіші 72%.

Мәселен, аталған 14 аймақтың тек үшеуінің ғана, атап айтқанда «Оңтүстік» АЭА, «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымы толық аяқталды.

Ал «Астана-Технополис» АЭА мен «Turkistan» АЭА құрылғанына үш жылдан астам уақыт өтсе де, аумақты мүлдем толтыра алмағанымен қатар инфрақұрылымын аяқтай алмай отыр.

60 ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯ БАР

Елдегі арнайы экономикалық аймақтар салалардың дамуын жеделдету және шетелдік инвестицияларды тартуды көздейді. Сонымен қатар, мұндағы компаниялар импортта кедендік баж салығынан босатылады. АЭА жұмыс істеуінің бүкіл кезеңін дамыту үшін оларға инфрақұрылымы бар және жер телімдерін сатып алу құқығы бар тегін жер учаскесі беріледі. Инвестициялары 1 миллион АЕК-тен асатын жобалар үшін шетелдік жұмыс күшін тарту квотадан тыс және жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатынсыз жүзеге асырылады.

Қазақстан 14 АЭА-да тіркелген компаниялардың құрылтайшысы саналады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, бүгінде аталған арнайы аймақтарда 60 шетелдік компания жұмыс істеп жатыр. Шетелдік компаниялар өңдеу өнеркәсібі, IT, мұнай-химия, логистика, жеңіл өнеркәсіп салаларында жетекшілік етеді.

60 ПАЙЫЗЫ БОС ЖАТЫР

Былтыр қаңтарда сенатор Ерік Сұлтанов премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың түйткілді мәселелеріне тоқталған.

Депутаттың айтуынша, мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша АЭА тиімділігі төмен деңгейде қалып келеді. АЭА аумақтарында өндірілген өнімнің жалпы көлеміндегі экспорт үлесі орта есеппен 3,5%-дан аспаған.

АЭА-ны инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі ерекше назар аударуға тұрарлық. Он үш АЭА-ның тек 3-і ғана қажетті коммуникациялармен толық қамтамасыз етілген. Мұндай келеңсіз жағдай АЭА жалпы аумағының 60 пайызының бос болуына әкеліп соқты және соның салдарынан жаңа инвесторлар тартуға және әлеуетті серпінді жобаларды жасауға кедергі келтіріп отыр, – деген еді сенатор.

Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте Тоқаев арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын қайта қарау керектігін айтып, ескертпе жасаған.

Өңдеу өнеркәсібін, ІТ секторды және жаңа технологияларды дамытуға баса назар аудара отырып, арнайы экономикалық аймақ жұмысын қайта ұйымдастыратын уақыт жетті. Сапалы жұмыс орындарын ашу керек. Ол үшін тиісті инфрақұрылым қажет. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыс көңіл көншітпейді. №1 Индустриялды парктің іші 95 пайыз толғанымен, әкімдік  оның инфрақұрылымын он жылдан бері аяқтай алмай келеді. Бұл мәселе көптен бері көтерілгенімен, әлі нәтиже жоқ, – деп сынаған.

ҚАНША САЛЫҚ ТӨЛЕНДІ?

АЭА аумағындағы кәсіпорындар осы уақытқа дейін бюджетке 352,9 млрд теңге салық төлеген.

Ерекше жеңілдікті режимнің арқасында АЭА аумағында 22,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды. Сонымен қатар, іске асыру сатысындағы жобаларда 26,3 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр, – делінген тиісті министрліктің ресми жауабында.

Осы кезеңге дейін АЭА-да өнім өндіру көлемі 7 трлн теңгені құрады, оның ішінде 479,7 млрд теңгеге жуық өнім экспортталған.

АЭА аумағында жалпы 27 елге экспорт шығарылады. Оның ішінде атап өтетін елдер: Ресей, Франция, Германия, Қытай, АҚШ, Бельгия, Чехия, БАӘ және тағы да басқа. Ондағы өндіріс орындары кілем бұйымдарын, шикі мұнай коксы мен отқа төзімді материалдарды, құрғақ порт, полипропилен қаптарын, полимерлі қаптама қабықшаларын экспорттайды.

Салыстыру мақсатында айта кетелік, 2022 жылы геосаяси шиеленіс пен экономикалық белгісіздіктерге қарамастан, Дубайдың көп тауарлық орталығының (DMCC) әлемдегі ең жақсы еркін аймақ ретіндегі басымдығы тұрақты болып қала берді. Біріккен Араб Әмірліктерінің ең үлкен еркін аймағы сегізінші жыл қатарынан «Жылдың жаһандық еркін аймағы» атағын иеленді.

Бұл аймақ операциялық нәтижелердің тамаша үйлесімімен және озық басқару мен маркетингтік стратегиямен сипатталады. Рейтинг бойынша DMCC-де 15 мыңнан астам компания жұмыс істейді, олардың көпшілігі 50 салада жұмыс істейтін ШОБ субъектілері.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама