×

«БЖЗҚ-ға төнетін қауіп жоқ». Сарапшылар зейнетақы жинағындағы шекті мөлшердің күрт өсуін негізсіз деп санайды

2022 жылдан бастап зейнетақы жинағын алу бойынша жеткілікті мөлшер шамамен екі есе өседі

 Жандос Байділда 03.12.2021 | 12:55
коллаж: Halyq Uni

2022 жылдан бастап зейнетақы жинағын пайдалану бойынша жеткілікті шек өзгереді (зейнетақы жинағының бұл межеден асатын бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге жұмсауға болады).

Егер 2021 жылы 20 жастағы салымшы үшін жеткілікті шек мөлшері 1 710 000 теңге болса, 2022 жылдан бастап ол 3 140 000 теңге болады.

Сарапшылардың пікірінше, БЖЗҚ-ның бұл шешімі зейнетақы қорындағы ақшаны бермеудің амалы ғана. Себебі, шекті мөлшер белгіленіп, жұрт жинағының бір бөлігін ала бастағалы БЖЗҚ-ның қаржылық қоры тұрақтала бастаған. Белгілі экономист Мақсат Халық зейнетақы жинағын пайдалану бойынша шекті мқлшерді күрт өсіруге БЖЗҚ-ның еш құқығы жоғын айтады.

Жыл сайын индексацияланып, өсуге тиіс деген әдістеме бар. Оны Үкімет бекіткен. Оған келісуге болады. Бірақ бұндай үлкен көлемде емес. Өйткені зейнетақы мен жалақы дәл былай өскен жоқ.

Бұл процестер кері жұмыс істеп жатыр. Неге? Өйткені алдында осы шекті мөлшерді түсірді. Сонда осы мөлшерді кемі 3-5 жыл ұстап тұру керек деген ұсыныс айтқанмын. Себебі, табысы төмен көптеген азамат зейнетақы қорына ақша аударып, шекті мөлшерге дейін ақша жинап үлгеруі керек. Сонда ғана азаматтар зейнетақы қорына ақша аударуға ынталанады. Ең болмаса, 2025 жылға дейін осы шекті мөлшерді өзгертпейік дегенмін. Жәрайды, жылына 100-200 мыңдап өсірсін. Бірақ миллиондап емес қой. Табысы төмен азаматтар бәрібір миллиондап жинай алмайды. Сондықтан да бұл мәселенің дұрыс емес екенін бірден айтқым келеді. Айналып келгенде, зейнетақы қорындағы ақшаны бермеудің амалы, одан басқа ештеңе емес, – дейді Мақсат Халық.

Сарапшының айтуынша, шекті мөлшерді өзгертпесе де БЖЗҚ-ға төнетін еш қауіп жоқ. Зейнетақы жинағындағы ақшаны шешуге рұқсат берілген соң триллионнан астам қаражат алынды.

Одан зейнетақы қоры ортайып қалған жоқ. Қайта керісінше, салымшылар көбейді. Халықта кейін ақшаны шешім аламын деген сенім пайда болды. Бұл мәселенің доллар курсына қатысы жоқ деп есептеймін. Алдын ала есептеу дұрыс жүргізілмеген, мәселенің бәрі соған тіреліп тұр, - дейді сарапшы.

«ШЕКТІ МӨЛШЕР ӨЗГЕРІССІЗ ҚАЛСА ДА БЖЗҚ-ҒА ҚАУІП ЖОҚ»

Экономист Ғалым Әбішевтің айтуынша, бұл шешімнің негізгі мақсаты инфляцияның экономикаға, жылжымайтын мүлік пен құрылыс материалдары, соған қоса жүретін қызметтер нарығына түсіретін қысымын төмендету сияқты. Себебі, бағаның өсуіне осы зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын шешіп алу бағдарламасы айтарлықтай әсер еткен.

Президент хабарлап, жұрт көптен күткен зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алу шарасы басталған соң, БЖЗҚ-ның қаржылық тұрақтылығы көрсеткіштері қайта тұрақталды. Зейнетақы активтері кірісі медианасы инфляция деңгейінен асып түсердей жақсы көтерілді. Бұл қордың сақтандыру қызметін жақсарта түсері сөзсіз еді. Сондықтан зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алудың қазіргі шекті мөлшерін сақтап қалу немесе оны аздап түзету (жылына орта есеппен 1,5 есе) жақын және орта мерзімде БЖЗҚ-ны қандай да бір қысылтаяң жағдайға түсіреді деп ойламаймын, – дейді Ғалым Әбішев.

Сарапшы қоғамда талқыланып жатқан «девальвация болуы мүмкін» деген пікірге қатысты ештеңе айтқысы келмейтінін жеткізді. Айтуынша, оның экономикалық жағдайларға тәуелді болатын кездері сирек. Көбіне сол салаға қатысы бар адамдардың саяси шешімдеріне байланысты болады деген ойда.

Зейнетақы қорынан ақша шешіп алудың шекті мөлшері тек экономиканың теңгеге айналу дәрежесіне ғана ықпал етеді. Бұл қайта девальвация болады деген болжамды керісінше, сейілте түседі. Алайда ол елдегі экономикалық саясатты басқарып отырған тұлғалардың нақты, түсінікті әрі жауапкершілікті мойнына ала отырып айтқан мәлімдемелері секілді айтарлықтай дәрежеде бола қоймас.

Тіпті, доллар 600 теңгеге дейін барады деп жатқандар да бар. Ол кезде интервенция жасамаса болмайды. Бірақ мемлекет валюта курсын тұрақтандыру мақсатында қаншалықты шығындалуға дайын және көмірсутегі нарығының оңтайлы конъюнктурасы кезінде ол теңгеге алдыңғы жоғалтқан позициясына қайта оралуға мүмкіндік бере ме, соған да байланысты, – дейді маман.

Экономист Расул Рысмамбетовтің ойынша, Үкіметтің бұл шешімі күтілген жағдай. Өйткені, әу баста БЖЗҚ-дан ақша шешуге рұқсат берудің өзі қателік болған.

Үкімет 2021 жыл мұнша ауыр боларын, қазіргі жағдайларға байланысты жыртығын жамауға белгіленген мөлшерден асыра пайдаланарын болжаған жоқ. Сол қателіктердің соңы осыған әкеліп отыр.

Өйткені, бұған дейін зейнетақы төлеу үшін Ұлттық қорды да пайдаландық. Бұл нонсенс! БЖЗҚ тұрғанда, біз Ұлттық қорға қол сұқтық. Ал БЖЗҚ-дағы қаражаттың өзі - жартылай ғана «тірі». Сондықтан, Үкімет өз қателігін түсініп, бұрынғы бастамасынан (зейнетақы жинағының бір бөлігін беру – ред.) бас тартып, БЖЗҚ-ны аман сақтап қалу үшін осылай істеп жатыр, – дейді Расул Рысмамбетов.

Сарапшы Рахым Ошақбаевтың пікірінше, БЖЗҚ осы әрекетімен мемлекет басшысының орта санаттағы салымшылардың баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін реформасына қайшы келіп отыр.

Қазақстанның зейнетақы жүйесінің проблемасы азаматтардың зейнетақы жинағының бөлігін инвестицияға салуында емес, жинақ көлемі тұрғысынан өте төмен деңгейде қамтылуында.

Өйткені, Қазақстандағы салымшылардың жартысынан астамының зейнетақы жинағы өте аз, шекті мөлшерге жетпейді. Бар-жоғы 500 мың, ары кетсе миллион теңге. Мен бұл шешімді қаржы саласын реттеушілердің, яки «алматылық қаржыгерлердің» өз бақылауында барынша көп қаражат қалдыру мақсатындағы әрекеті деп білемін, - деді Рахым Ошақбаев.

Қаржы талдаушысы Андрей Чеботарев БЖЗҚ-ның шешімі дұрыс емес екендігіне бірқатар дәлел келтірді.

Мұндай шешім қыбылданатыны еш жерде талқыланған жоқ. Еш жерде жарияланған жоқ. Бұл қордың да, зейнетақы жүйесінің, бүкіл коммуникациялық саясаттың сәтсіздігі.

Егер бұрын салымшылардың 7 пайызы артылған ақшаға қол жеткізген болса, енді ол 3 пайызға да жетпейді. Зейнетақы төлемдерінің экономикаға әсерін барынша азайтқысы келсе, бағдарламаны толығымен жабу керек, - деп жазды Чеботарев Facebook парақшасында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама