×

Мамлюткадағы дау: Мамандардың жоқтығынан жаңадан салынған жылу қазандықтары істен шығып жатыр

Кәсіпкер мен әкім арасындағы дау сотқа жетті

 Самат Жақып 11.03.2022 | 12:13
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Мамлютка қаласы – облыс орталығы Петропавлдан небәрі 40 шақырым жерде орналасқан. Шағын қалада 2013 жылы жылу қазандығы салына бастады. Қаржы тапшылығына байланысты қазандық құрылысы ұзаққа созылды.

Былтыр жобаны Евгений Лебедько деген жергілікті кәсіпкер қолға алып, іске қосты. Қажетті қондырғыларды сатып алып, орнатқан. Бұл мақсатқа 40 миллион теңгедей қаржы жұмсалған. Алайда, жергілікті әкімдік қазандықты іске қосқан кәсіпкердің жұмысын қабылдамай қойған. Сол даудан кейін тапсырыс беруші (әкімдік) кәсіпкерге қалған 10 миллион теңгеден астам қарызын әлі күнге бермей жүр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

ӘКІМДІК ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҒЫН ҚАТЫРЫП ТАСТАДЫ

Былтыр күзде аталған нысан сенімді басқаруға берілуге тиіс еді. Ол үшін Мамлют аудандық әкімдігі алты мәрте конкурс жариялады. Дегенмен халыққа коммуналдық қызмет көрсететін арнайы лицензиясы бар компания сол күйі табылмаған. Тығырыққа тірелген аудан әкімі Владислав Лукин әкімдік қызметкерлерін ерікті түрде пеш жағуға көндірген. Ол үшін ақысын да төлеп келіпті. Алғашқыда Мамлют аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері осы іспен айналысқан. Бірақ қазандықтың қыр-сырын білмегендіктен, қыстың сақылдаған сары аязында дұрыс от жаға алмай, миллиондаған қаражатқа тұрғызылған қазандықты қатырып алған. Қазір қазандықтар апатты жағдайда жұмыс істеп тұр.

«Мұнда бірінші күн келіп тұрмын. Не істеу керек екенін ауызша түсіндірді. Қазір қазандыққа уақытылы көмір салып, жағып отырмын. Бастысы сөндіріп алмау қажет. Негізі, өзім механизатормын. Қыста үйде бос жатпайын деп еңбек биржасымен осында жұмысқа орналастым», - дейді от жағушы Руслан Құсайынов.

ҚАЗАНДЫҚҚА ҚАЛАДАҒЫ ҚАР ТАЗАЛАЙТЫН КОМПАНИЯ ЖАУАПТЫ

Жалпы, былтыр орталықтандырылған жылуға қаладағы бірнеше әлеуметтік нысан мен тұрғын үйлер қосылуы керек еді. Алайда әкімдікпен арадағы келісімшартқа сол күйі қол қойылмаған. Соның салдарынан орталықта пеш жағатын адамдар үнемі ауысып отырады. Ешбірі кәсіби маман болмағандықтан, тілін білмегендіктен, резервте тұрған екінші қазандық істен шыққан. Оны қайта қалпына келтіруге тағы миллиондаған қаражат қажет.

Жылу қазандығы жергілікті қар тазалаумен айналысатын кәсіпорындардың біріне сатып алу бойынша көктемге дейін күтіп ұстауға уақытша беріліпті. Бірақ, коммуналдық тарифтер бекітілмеген. Яғни, тұтунышуылар жылуға төлем жасалмайды. Сондықтан жергілікті бюджеттен тағы бес миллион теңге қаржы бөлініп отыр.

«Қондырғыларды күтіп ұстау керек еді. Оның үстіне уақытылы тексерістен өткізіп тұрған абзал. Соңғы 5-6 айда бұл шаруалардың ешқайсысы атқарылмаған. Себебі мұнда білікті маман жоқ. Міне, көріп тұрсыздар, бірталай құрылғы істен шыққан. Резервтік қазандық мүлде жұмыс істемейді. Біріншісі апаттық жағдайда. Талай жылғы еңбек зая кетті. Бұл саладан хабары жоқ адамдар оның тас-талқанын шығарды. Күзде бәрі жұмыс істеп тұрған. Енді олардың барлығын кім қалпына келтіреді? Бүгінгі күні тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінде де басшы жоқ. Бұрынғысы пара алып істі болып жатыр. Енді талдау жүргізіп, шығын көлемін есептеу қажет.Ол да тегін емес қой. Жөндеу жұмыстары арзанға соқпайды. Себебі қазір баға шарықтап кетті. Бұл дегеніміз тағы аудан бюджетіне салмақ түседі деген сөз. Оның үстіне менің жұмысымды қабылдамай, қазандықты басқа кәсіпорынға комерциялық мақсатқа беру, ол қылмыс болып саналады», - дейді кәсіпкер Евгений Лебедько.

КӘСІПКЕР МЕН ӘКІМ АРАСЫНДАҒЫ ДАУ СОТҚА ЖЕТТІ

Прокуратура Евгений Лебедькоға қатысты тексеріс ашқан. Ол жақында мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жүгінді. Сот кәсіпкердің жұмысынан еш кемшілік таппаған. Енді 10 миллион теңге берешегін өндіріп алу үшін экономикалық сотқа жүгінбек. Осылайша кәсіпкер мен әкім арасындағы дау әлі де жалғасуы мүмкін. Екі тараптың ортақ шешімге келе алмауынан жылуға қосылған мемлекеттік қызметшілер жайғасқан ғимаратта тиісті температура әлі күнге сақталмай отыр. «Ауыл шаруашылығы» үйі деп аталатын нысандағылар қыс бойы суық ғимаратта отыр.

«Кәсіпкердің жұмысын қабылдамауымыз - ол құрылысқа кеткен шығындарды бірнеше есе көбейтіп көрсеткен. Оны қайта есептеп, осындай олқылықтарды анықтадық. Үнемделген қаржыны аудан бюджетіне қайтаруымыз керек. Былтырдан бері жылу қазандығын сенімгерлікке алатын кәсіпорын табылмай отырмыз. Себебі, Евгений Лебедько шу шығарып, әріптестерін айнытып тастаған. Енді көктемде біз нысанда тексеріс жүргізетін тәуелсіз компания табуымыз керек. Олар барлық олқылықтарды анықтайды. Қалғанын содан кейін көре жатармыз», - дейді Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукин.  

Кәсіпкердің айтуынша, бюджет қаржысын үнемдегісі келген аудан әкімі керісінше шығынға батқан. Оның үстіне жылудың дұрыс берілмеуінен жақын маңда жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй уақытылы тапсырылмады. Жоспар бойынша ол былтыр желтоқсан айында халық игілігіне берілуге тиіс еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама