×

Оралда ресейліктер тазалық акциясын бастады (ВИДЕО)

30-ға жуық ресейлік Жайық өзені жағасындағы қоқысты жинап жатыр

 Халық үні 29.09.2022 | 17:36
Halyq Uni

Ресейліктер Оралда тазалық акциясын бастады. Бұл бастаманы ресейлік экоблогер Алексей Сибирский көтерді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында ресейліктерді қаладағы қоқысты жинауға шақырды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның бұл бастамасын 30-ға жуық азамат қолдады.

Ресейлік экоблогер Алексей Сибирский ішінара мобилизация жарияланған соң бірден әйелі мен екі баласын алып жолға шыққан.

«Пандемия кезінде жұмыссыз қалдым. Табиғатты қоқыстан тазартып, оны видеоға түсіріп желіге жүктей бастадым. Экология тақырыбына қызығып, жазба жариялап жүрдім. Маған волонтерлер ілесе бастады. (...) Ресейдің қылмыстық әрекеттеріне араласқым келмейді. Соғысқа қарсымын. Қазақстанға келгенде тұрғындардың қонақжай екеніне таңғалдым. Алғыс білдірудің дұрыс жолы осы деп ойладым. Оралға келген ресейліктерді өзен жағасын тазалауға шақырдым, - дейді Алексей Сибирский.

Экоблогерді әлеуметтік желіде 150 мыңнан аса адам оқиды.

Экоблогер бастаманы көп адамның қолдағанына қуанышты. Енді ол Қазақстанда шағын эко-тур ұйымдастыруды ойлап отыр. Экологиялық мәселелерді көтеріп, оның шешілуіне өз үлесін қосқысы келеді. Қазақстанның әр қаласында экологиялық мәселелерді талқылайтын топ барын айтты.

«Қазақстандық белсенділердің табиғатты қоқыстан тазартып, тал отырғызуға үлес қосатынын білемін. Менің де әлеуметтік желілерде белсенді болған сайын оқырманым, қолдайтын еріктілер көбейді. Ірі экологиялық жобаларды қолға алдық. Мен жаныма жақын әрі пайдалы іспен айналысқым келді. Қалтамда қомақты қаржы болмаса да пайдамды тигізе алатын іс – табиғатқа жанашырлық», - дейді ол.

Алексейдің мамандығы психолог. Санкт-Петербургте оралдық азаматпен бірге білім алған. Ресейде ішінара мобилизация басталғанда курстасына хабарласқан. Танысы көлікпен қатынауды ұйымдастырып, пәтерге орналастырған.

«Картадан Жайық өзені бұл тұста кішкене салаға бөлінетінін көрдім. Әдетте қоқыс осындай жерге көп жиналады. Қоқыс көп болар деп ойлап картадан осы жерді белгіледім де такси шақырдым», - дейді ол.

Тазалық акциясын қолдап келген ресейліктердің бірі – Леонид Брянцев. Леонид 24 жаста. Ол Иваново қаласының тұрғыны. Мәскеуге жеткен соң пойыз арқылы Самара қаласына барған. Шекарадан жаяу өткен.

«Қазақ халқы қиын кезде көмектесіп жатыр. Біз мұны бағалаймыз. Бәріңізге рақмет айтамыз. Біз жақсылықтан үміт күтеміз. Құжатымызды реттеп, ұзағырақ қалғымыз келеді. Қазақстанның басқа қалаларын көруді жоспарлап отырмын. Өзіме жайлы болатын, әрі өзім пайдалы болатын мекен іздеймін. Астана қаласында инженерлер сұраныста деп естідім», - деді Леонид.

Леонид қазақ тілін меңгеруге ниетті.

Айта кетейік, бұған дейін Орал қаласындағы «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығына ресейліктер тұрып жатыр. Орталықта 220 орын бар, қазір бәрі лық толы екені хабарланды. Оларға ақылы қызмет көрсетіледі.

Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама