×

Әр отбасының жедел көмек алатын құжаты болады – мемлекет басшысы

Мемлекеттік қызмет барынша электронды форматқа көшіріледі

 Дастан Жұмабекұлы 28.09.2022 | 14:58
фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, жыл сайын өтетін Digital Bridge форумы төрт жылда ірі және маңызды өңірлік алаңға айналғанын атап өтті.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы, сарапшылардың болжамы бойынша, он жылдан кейін әлемде өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы цифрлық платформалық модельдер негізінде құрылатынын мәлімдеді. Мұндай жағдайда Қазақстан өзіне еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу стратегиялық міндетін қойды. Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстан көптеген дамыған елді озып, БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарына кіреді. Дегенмен Қазақстанды одан әрі цифрлық трансформациялау үшін көп жұмыс істеу керек. Президент өз сөзінде оның басымдықтарын айқындап берді.

«Бірінші. Адамға бағдарланған қызметті дамыту. Мемлекетке цифрлық технологиялар, ең алдымен, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің жаңа түрлерін игеру, Финтех пен Индустрия 4.0-ді енгізу үшін қажет. Дегенмен «Government to citizens», яғни азаматтарға қызмет көрсету саласы да – маңызды басымдықтардың бірі. Цифрлық технологиялардың көмегімен біз азаматтардың күнделікті тіршілігін барынша жеңілдетуге және барлық адам үшін тең мүмкіндіктерге қол жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл үшін мемлекеттік басқаруды цифрландырудың «Invisible Government» мүлде жаңа форматына көшу қажет. Оның негізгі мәні - мемлекеттік саясаттың адамға баса мән беруі, оның қажеттіліктері мен мүдделеріне бағытталуы. Мемлекет қабылдаған ауқымды шаралар мен шешімдер азаматтарға байқалмайды, олар тек нақты нәтижені көреді. Сондықтан барлық мемлекеттік қызмет барынша электронды форматқа көшіріледі. Бюрократиялық рәсімдердің бәрі алынып тасталады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Жеке сектормен қалыпты өзара іс-әрекет жолға қойылған. Атап айтқанда, Каспий, Халық, BI Group және басқа да компаниялар мемлекеттік қызметтерге өздерінің платформалары арқылы қол жеткізуге жол ашты.

«Бүгінде Қазақстан – цифрлық құжаттарды толыққанды енгізген санаулы елдердің бірі. Нәтижесінде, азаматтарымыздың өзімен бірге жеке куәлігін, жүргізуші куәлігін, оқу орнын бітіргені туралы дипломын, неке туралы куәлігін және басқа да құжаттардың 15 түрін алып жүруі және көрсетуі талап етілмейді. Бұл жұмыс сөзсіз жалғасады. Мемлекет осы бағытта азаматтармен және бизнеспен өзара проактивті түрде қарым-қатынас жасайды. «Отбасының цифрлық картасы» енгізіліп жатыр. Ол нақты уақыт режимінде әртүрлі 80-нен астам параметрге талдау жасайды. Бұл өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларға ешқандай бюрократиясыз жедел көмектесуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, аталған әдіс нақты атаулы әлеуметтік көмекке көшуге ықпал етеді. Үкімет жыл соңына дейін бұл цифрлық сервисті пайдалануға беруі керек», – деді мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама