×

Ресейліктерге Қазақстан ЖСН-ін алу қандай мүмкіндік береді

Кеше ЖСН алуға 13 мың өтінім түскен

 Дәурен Ерболат 27.09.2022 | 17:24
Фото: gov.kz

ЦДИАӨМ Мемлекеттік қызметтер комитетінің төрағасы Дәулет Бекманов Қазақстанда Ресей азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН/ИИН) не үшін керек екенін түсіндірді деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алдымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (ЦДИАӨМ) вице-министрі Әсет Тұрысов соңғы уақытта ЖСН алғысы келетін шетелдіктер саны күрт өскенін атап өтті.

Бүгінде жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алғысы келетіндер саны Астана, Алматы және шекара маңындағы қалаларда көп. Кеше ЖСН алу үшін ХҚКО-ларға 13 мың өтінім түскен. Осыған дейін мұндай өтінім бір айда тіркелетін. Сондықтан қазақстандықтар мен шетелдіктерге қызмет көрсету үшін Астана, Алматы қалалары мен Қостанай, Павлодар, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын күшейтті. Жалпы 8 өңірде ХҚКО жұмысы күшейтілді, - деді министрдің орынбасары ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихаты.

Осыған байланысты Мемлекеттік қызметтер комитетінің төрағасы жеке сәйкестендіру нөмірі шетелдіктерге не үшін керек екенін түсіндірді.

«Біріншіден,жылжымайтын мүлік сатып алу үшін. Екіншіден, банктен шот ату үшін. Менің ойымша, (Ресейден келген – автор) азаматтар ЖСН-ді банктен шот алу үшін алып жатыр. Мысалы, менде және сізде Kaspi қосымшасы бар. Дүкенде керек затты алғанда, таксиді пайдалағанда осы банк қосымшасын пайдаланамыз. Бұл қызметті алу үшін банктен шот ашу керек», - деді Дәулет Бекманов.

Сондай-ақ вице-министр Әсет Тұрысов шетелдіктерге әкімшілік айыппұл салу үшін ЖСН болу керектігін атап өтті.

Қазақстанда шетелдіктерді әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін (тек заң бұзғаны анықталған жағдайда – автор) оларда ЖСН болуы керек. Сондықтан оларға ЖСН беріліп жатыр, - деп түйіндеді сөзін ол.

Еске салайық, 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялаған еді. Кейін ресейліктер Қазақстан, Армения, Грузияға ағыла бастады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама