×

«Аватар» фильмінің екі бөлімі қазақ тілінде көрсетіледі

«Аватар: Су жолы» екінші бөлімінің премьерасы 16 желтоқсанда болады

 Халық үні 24.09.2022 | 14:46
Сурет: ашық дереккөзден

 «Аватар: Су жолы» фильмі қазақ тілінде көрсетілетін болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Осы жексенбіден бастап еліміздің кинотеатрларында кинематография тарихындағы ең жоғары кассалы және көрермендер тарапынан зор сүйіспеншілікке ие болған «Аватар» фильмі жаңартылған бейнеде, өңделген дыбыспен қазақ тілінде қалың көрерменге жол тартады», деп жазды Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Министрдің айтуынша, түпнұсқаны қайта шығарудағы мақсат – кейінгі онжылдықтың ең айтулы фильм болады деп күтіліп жатқан «Аватар: Су жолы» екінші бөлімінің шығуымен орайластырылып отыр. Оның да  премьерасы ана тілімізде биыл 16 желтоқсанда болады.

Қазақстандық шығармашылық дубляж тобы фильм мәтінін қазақ тіліне аудару, оның локализациясы және дыбыстау бойынша сапалы жұмыс атқарды. 

Бұдан бөлек, Мәдениет және спорт министрлігі «Интервидео» компаниясымен бірлесіп әлемдік премьерасы алдағы 10 қарашада өтетін MARVEL әлемінің  «Қара пантера: мәңгі Ваканда» фильмін де қазақ тіліне дубляждайды.

«Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды жалғастырып, картиналардың қазақ тіліндегі прокатын көбейте беретін боламыз», деді министр. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама