×

Қаңтар оқиғасы: қанша адамға рақымшылық жасалатыны белгілі болды

Бас прокуратура ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды ұсынып отыр

 Халық үні 23.09.2022 | 23:45
фото: ашық дереккөзден

Бас прокуратура «Рақымшылық жасау туралы» ҚР заңының жобасы негізіндегі консультативтік құжатты әзірледі. Құжатқа сәйкес қаңтар оқиғасына қатысқан 1520 адамға рақымшылық жасалуы мүмкін. 

Қаңтардағы оқиғалар бойынша іс жүргізуде рақымшылық жасауға жататын 391 қылмыстық іс бар. Олар бойынша 383 күдікті айыпталушы ретінде өтіп жатыр. Бұлтартпау шаралары бойынша: ешқайда кетпейтіні туралы қолхат – 153, күзетпен ұстау – 147 адам, үйқамаққа алу – 24, кепіл – 19, жеке кепілгерлік – 2, бұлтартпау шарасы таңдалмаған – 28, іздеуде – 10. Сондай-ақ, соттың іс жүргізуінде 102 адамға 36 іс бар. Сотталғандар - 1 035, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеушілер – 93, пробацияда-930, айыппұл тағайындалды – 3, қоғамдық жұмыстар – 9. Ағымдағы жағдайды, халықаралық тәжірибені ескере отырып, мәселені шешу үшін ұсынылатын реттеу – рақымшылық жариялау, - деп көрсетілген құжатта.

Бас прокуратура ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды ұсынып отыр.

Ал ауыр және аса ауыр қылмысқа барғандардың жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін.

Айта кетейік, мемлекетке опасыздық жасау, жаппай тәртіпсіздік, сыбайлас жемқорлықты ұйымдастырған, террористік және экстремистік қылмыс жасаған, азаптаған және қылмысқа қайта барған азаматтарға рақымшылық жасалмайды.

Бас прокуратура ұсынған консультативтік құжатты талқылау 14 қазанға дейін жалғасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама