×

Петропавлда ЖЭО-ға жауапты компания апат кезінде қайтыс болған әйелдің отбасымен келісімге келді

Қалада 24 қыркүйектен бастап жылу беріледі

 Самат Жақып 23.09.2022 | 18:14
Коллаж: Халық үні

Петропавлда 24 қыркүйектен бастап жылу беріледі. Қала әкімі Руслан Аңбаев жылу беру маусымын бастау туралы қаулыға қол қойды. Биыл науқан әдеттегіден кеш басталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Айта кетейік, 2022 жылы көктемде Петропавл ЖЭО-дағы №1 түтін мұржасы опырылып түскен. Төтенше жағдай кезінде машинист-қараушы әйел үйіндінің астында қалды. Соған байланысты қала жылу мен ыстық сусыз қалды.

Сол оқиғадан кейін петропавлдықтардан маза қашты. Олар ескірген стратегиялық нысанда апат болып, жылусыз қаламыз ба деп алаңдаулы.

Қаладағы ЖЭО 1961 жылы тұрғызылған. Кейіннен жекеменшікке өткен. Қазірге дейін маңызды нысанға ақша бөлінбей, ескірген. Биыл инвестор өз қалтасынан шамамен 17 миллиард теңгедей қаржы бөлді. Құлаған мұржаны әлі бұзып жатыр. Бастапқыда мұржаны қолмен бұзды. Жақында Астанадан арнайы техника жеткізілді. Бір аптадан соң аумақтағы қоқыс шығарылады.

Қазір ЖЭО-да 5 қазандық қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Оның біреуі резервке қойылған. Қазанның басында тағы төртеуі іске қосылады. Қазірге дейін екі түтін мұржасы жөнделді. Оны 2 жылдан кейін ауыстырамыз. Себебі ол да ескірген, - дейді «СевКазЭнерго» АҚ бас директоры Олег Перфилов.

Ол сондай-ақ биылғы жылу беру маусымына үлгеру үшін 10 мердігер компания жұмылдырылғанын айтты.

400-ге жуық адам жұмыс істейді. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ. Алдағы науқанға толық дайынбыз, - дейді ол.

МЕДИАТИВТІ КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

Төтенше жағдай кезінде қайтыс болған 38 жастағы әйелдің отбасымен медиативті келісім жасалды.

Әйелдің денесі апат болған соң үш күннен кейін табылды. Соған байланысты прокуратура қылмыстық іс қозғады. Петропавл ЖЭО-ның басшысы мен инженері және «СевКазЭнерго» АҚ бұрынғы бас директоры қамауға алынды.

Әйелдің отбасына метериалдық көмек көрсетіліп, өтемақы берілді.

«Мәйітті жерлеу рәсіміне кеткен барлық шығынды кәсіпорын өз мойнына алды. Мұнымен қоса еске алу астарын да кеткен қаржыны көтерді. Артынша марқұмның туған-туыстарымен медиативтік келісімге келдік. «СевКазЭнерго» АҚ тарапынан барлық материалдық көмек көрсетілді. Қазір ол тараптан ешқандай шағым жоқ»,- деді Олег Перфилов.

ОН КҮНДЕ ЖЫЛУ ТОЛЫҚ БЕРІЛЕДІ

Қалада ең алдымен балабақша, мектеп, аурухана, емхана секілді әлеуметтік нысандарға жылу беріледі.

 Қала әкімдігі мамандардың айтуынша, қазір шаһардағы 1 115 көпқабатты тұрғын үйдің барлығы жылу беру маусымына дайын. Тұрғындарға дайындық құжаты берілген. Он күн ішінде қалаға толық жылу беріледі.

«Биыл ауа райының жылы болуына байланысты жылыту маусымы кейінге шегерілді. Себебі кейінгі күндері өңірде температура 20-26 градус шамасында болды. Жылуға қосылатын үйлердің барлығы 100% науқанға дайын. Жалпы қала бойынша орталық жылумен жабдықтау жүйесіне 4,5 мың ғимарат қосылған. Оның 1 115-і тұрғын үй. Жылу энергеиясымен тұрмыстық сектордың 71 мың абоненті және 2,3 мың заңды тұлға қамтылған»,- дейді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Синоптиктердің болжамы бойынша алдағы аптада өңірде күн суытады. Тіпті түнде сынап бағанасы нөлге дейін төмендейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама