×

Петропавлдағы ЖЭО апаты кезінде жоғалған әйелдің денесі табылды

Марқұмның артында 15 жастағы ұлы қалды

 Самат Жақып 22.03.2022 | 14:54
фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Петропавлдағы жылу электр орталығында болған апат кезінде жоғалған әйелдің денесі табылды. 38 жастағы әйел түтін шығатын мұржа құлаған кезде қазандық цехында болып, тас үйінділердің астында қалып қойған.

Аталған кәсіпорында машинист-қараушы болып жұмыс істеген 1984 жылғы азаматшаны құтқарушылар мен кинологтар екі күннен астам уақыт іздеді. Тіпті бұл іске Нұр-Сұлтан қаласының жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жұмылдырылды.

Айта кету қажет, үйінділерді қопару жұмыстары тек қолмен жүргізілді. Себебі инженерлік ауыр техникаларды пайдалану мүмкіндігі болмады. Бүгін сағат 10:32-де үйінді астынан әйелдің жансыз денесі анықталды. Ал сағат 12:05-те мәйіт сот-медициналық сараптама жүргізуге берілді.

Петропавлда ЖЭО-да болған апат кезінде қаза тапқан 38 жастағы әйелдің отбасына материалдық көмек көрсетіледі. «СевКазЭнерго» АҚ ұжымы марқұм Наталья Чефонованың отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты.

«20-шы наурызда «СевКазЭнерго» АҚ Петропавл ЖЭО № 1 түтін мұржасы құлады. Сол кезде машинист-қараушы қазандық цехының аумағында болған. Оқиға орнына жедел түрде авариялық-құтқару қызметі шақырылды. Компания басшылығы, Н. Чефонованың отбасына тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қайтыс болған жұмысшының бес жылдық жалақысы мөлшерінде отбасына қаржылық өтемақы төлеу түрінде жан-жақты қолдау көрсетеді. Сонымен қатар Наталья Чефонованың баласының білім алуына қажет шығындарын жабады. Жерлеуді ұйымдастыруға байланысты барлық шығындарды жұмыс беруші өз мойнына алады», -делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Петропавлдағы ЖЭО-дағы түтін шығатын мұржалардың бірі құлаған болатын. Биіктігі 150 мерт болатын нысанның 40 метрге жуығы әбден ескіріп, опырылып түскен.

Жалпы, бұл жыл басынан бері аталған кәсіпорында болған төртінші апат. Қаңтар айында да аталған жылу электр орталығында қызметкерлердің бірі қаза тапқан еді. Қазір шаһардағы үйлерде температура тұрақталып келеді. Жауаптылардың айтуынша, стратегиялық нысанда он екі қазандықтың төртеуі жұмыс істеп тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама