×

Әскери борышын өтеген жастар жоғары білімді тегін ала ма?

Осыған дейін әскерде болғандар сынақсыз ЖОО-ға түсе алатыны хабарланған еді

 Дәурен Ерболат 23.09.2022 | 14:47
Фото: kaztag.kz

Әскери борышын өтегендер ҰБТ-ны тапсырмаса, грантта оқи алмайды. Алайда олардың университте ақылы түрде оқуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қорғаныс министрлігі бізге осындай ұсыныспен шықты. Мұнда 2 жағдайды ескеру керек. Біріншіден, біз грантты тек ҰБТ-ны тапсырғанда бере аламыз. Екіншіден, Қорғаныс министрлігі бірнеше университетпен келісіп отыр. Біз оған қарсы емеспіз. Себебі, жастарымыз әскери қызметті атқаруы үшін оның тетіктерін табуымыз керек. Өкінішке қарай, бүгінде көп жас әскери қызметке бармайды, - деді ведомство басшысы ағынан жарылып.

Оның айтуынша, шетелдің тәжірибесін ескеріп, әскери борышын өтеген жастарға қолдау көрсетілуі керек.

«Мысалы, Израильде, АҚШ-та, Еуропа елдерінде, Өзбекстанда әскери қызметтен кейін берілетін осындай тетіктер (университетте оқу мүмкіндігі - автор) бар. Онда грант емес, сол университеттің өзінің жеңілдіктері қарастырылған. Біз әскери борышын өтеген жастарды ақылы түрде оқыта аламыз. Алайда грант тек ҰБТ-ның нәтижесі арқылы беріледі. Әскери борышын өтегендер жоғары оқу орны берген арнайы жеңілдікпен немесе ақылы түрде өз есебінен оқыса, оған қарсы емеспіз. Біз Қорғаныс министрлігі мен әскерімізді қолдауымыз керек», - деп сөзін түйіндеді Саясат Нұрбек.

Еске салайық, осыған дейін Қазақстанда 2023 жылдан бастап әскери борышын өтегендер сынақсыз университетке түсе алатыны хабарларған .

«Қорғаныс министрлігінің бірқатар бұйрығына өзгеріс енгізіліп жатыр. Біздің жоспарымызға сәйкес әскери борышын өтеген кез келген қазақстандық еліміздегі университеттерге ҰБТ-сыз ақылы бөліміне түседі алады. Ал әскер қатарындағы үздіктер тегін оқи алады. Оларды Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Ұлттық ұлан өз критерийлеріне сай анықтайды. Әдістеме әбден пысықталғаннан кейін жарияланады. Бүгінде 30-ға жуық жоғары оқу орны бұл жобаны қолдап отыр», - деген еді Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама