×

Астанада мас жігіт ауладан ұрлап кеткен джиппен 2 көлікті соққан

Оның үстінен іс қозғалды

 Дәурен Ерболат 21.09.2022 | 17:11
Фото: Ашық дереккөз

Астанада Gelandewagen G500 көлігін айдап кеткен мас ер адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін күндізгі сағат 12.52-де елорда тұрғыны «102» нөміріне Бауыржан Момышұлы даңғылындағы тұрғын үйлердің маңында тұрған Gelandewagen G500 автокөлігін әлдебіреудің айдап кеткені туралы шағым түсірген. Әйел көлікті оталдыру үшін сыртқа шығып, автомобильдің есігін ашық қалдырған. 20 минуттан соң көлігінің орнында жоқ екенін көрген.

Бұл дерек негізінде Алматы ауданының полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 200-бабы («Айдап әкету») бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Бейнебақылау камераларын тексергенде қымбат көлікті ер адамның ұрлағаны анықталған. Ол әйел үйіне кіргенде джипке отырған. Кейін бірнеше рет көлік апатына түскен.

Бірінші рет күдікті Land Cruiser 200-ге, екінші рет Lexus көлігіне соғылған. Соңғы көлік апаты Тәуелсіздік даңғылы мен Байтұрсынов көшесінің қиылысында тіркелді. Оқиға орнына дереу автопатруль жіберілді. Кейін күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды, - деп жазылған хабарламада.

Нарколог-дәрігер тексерістен соң 34 жастағы ер адам мас болған деген қорытынды шығарды. Бұл дерек негізінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Егер күдіктінің кінәсі сотта дәлелденсе, ол 20 тәулікке қамалып, 7 жыл көлікті басқару құқығынан айырылуы мүмкін. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама