×

«Самұрық-Қазынаға» қарасты компаниялардың басшыларына 6 млрд теңге сыйақы не үшін берілді?

Қаржы білікті кадрларға мотивация беру үшін жұмсалған

 Дәурен Ерболат 15.09.2022 | 17:34
фото: ОКҚ

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев 2021 жылы қорға қарасты компаниялардың басшылығына 6 млрд 95 млн теңге сыйақы не үшін берілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Төрағаның айтуынша, сыйақының мөлшерін директорлар кеңесі белгілейді. Оның құрамына президент әкімшілігі мен Үкімет өкілдері, тәуелсіз директорлар кіреді. Берілетін сыйақының көлемі мемлекеттік органдардағы басшылардың орташа жалақысының деңгейіне сәйкес келеді.

Сыйақы 2 санат бойынша қарастырылған. Ол персоналды басқаратын қызметкерлерге қатысты. Бұл тоқсандық сыйақы жұмыс нәтижесі мен қызмет көрсеткішіне қарай жылдың соңында беріледі. Сыйақының мөлшері атқарылған міндет пен қызметтің негізгі көрсеткішіне байланысты, - деді Алмасадам Сәтқалиев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ басшы қор құрамындағы табысы жоғары компанияларға да тоқталды. Ол мұндағы сыйақының мөлшері де айтарлықтай екенін меңзеді.

 «ҚазАтомӨнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», «ҚазақГаз» компаниялары табысты болып саналады. Мұндағы сыйақының сомасы жалпы көлемде айтарлықтай. Бірақ бұл кәсіпорындарда қанша қызметкер, жұмысшы, басшы барын да ескеру керек...», - деді басқарма төрағасы.

Алмасадам Сәтқалиев биыл «Самұрық-Қазына» мен оған қарасты компаниялардың басшылығына берілетін сыйақының мөлшері анықталып қойғанын атап өтті.

«Алайда сыйақы мөлшерінің көлемін көбейту немесе төмендетуге қатысты шешімді директорлар кеңесі қабылдайды. Мұнда әрбір қызметкердің жұмыстағы еңбегі негізге алынады. Мұндағы мәселе еңбекақының әділ төленуі және салаға білікті мамандарды тарумен байланысты. Алайда толық көлемде сыйақы ешқашан төленген емес. Мәселе жоспарланған көлемнен төмен төлеуге қатысты болды. Әдетте бюджетте бекітілген жоспардағы көрсеткіштер қайта қаралмайды», - деп түйіндеді сөзін басқарма төрағасы.

Айта кетейік, былтыр «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялардың басшыларына 6 млрд 95 млн теңге сыйақы берілген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама