×

«Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерекке» қарасты компаниялардың басшылары 7,5 млрд теңге сыйақы алды

Қазақстандағы барлық акционерлік қоғам басшылары 71 млрд теңге сыйақы алған

 Бауыржан Мұқанов 08.09.2022 | 09:39
Коллаж: Halyq Uni

31 тамыз күні Қазақстанда акционерлік қоғамдастық ретінде тіркелген компаниялардың топ менеджерлерінің жиынтық сыйақылары туралы есеп өткізетін кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni Қаржы министрлігі «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ баспасөз қызметі.

Акционерлік қоғамдастықтардың бұл есебі Ұлттық банк 2018 жылы бекіткен Эмитенттің ақпаратты ашу ережелері аясында қаржылық есептіліктің депозитарийіне ұсынылады.

«Депозитарийде барлығы 1200 акционерлік қоғам тіркелген. Оның ішінде 223 компания жою процедураларынан өтуде немесе әрекет етпейді. Есепті тек 801 компания ұсынды. Ал қалған жұмыс істеп тұрған 176 АҚ есепті ұсынбай, құнды қағаздар нарығы туралы заңнаманы бұзған. Енді оларды 50 АЕК көлеміндегі айыппұл күтіп тұр. Біз есептілікті ұсынған адал ниетті компаниялардың тізімін мұқият зерттеп шықтық. 2021 жылы басшылары анағұрлым көп көлемде сыйақы алған компаниялар рейтингін жасап шығардық», – деп хабарлады орталық.

«Нақтылай айта кетсек, бұл бір жылғы жиынтық сыйақы. Яғни, бұған жалақы мен барлық 12 ай ішіндегі бонустар кіреді. Бұдан бөлек, «бір қолға» жиынтық сыйақының қорытынды сомасы нақты компанияның басқарма мүшесінің санына байланысты. Мәселен, рейтингтегі бірінші боп тұрған «Евразия сақтандыру компаниясы» АҚ атқарушы органында 8 адам бар. Ал оларға бұл 4,3 миллиардтың қанша бөлігі берілгенін компанияның өзі ғана біледі», – дейді орталықтың баспасөз қызметі.

Орталықтың дерегі бойынша, тәртіп сақтайтын алматылық компаниялар өте аз болып шыққан. Мәселен, мұнда тіркелген ақционерлік қоғамның 67-сі бірден есеп өткізбеген. Екінші орында ел астанасы тұр, мұнда 33 компания есепті ұсынбаған. Өзге өңірлерде есеп өткізбегендердің саны бірен-саран.

Жалпы алғанда рейтингтегі 100 компанияның барлығы басшыларына сыйақы ретінде 48 млрд теңге төлеген, ал барлық 801 компания 71 млрд теңгеден астам ақша төлеген.

Қазақстанда мемлекеттік экономикаға араласуы жоғары екені білгілі. Тиісінше, акционерлік қоғамдардың арасында да мемлекеттік компаниялар өте көп. Мәселен, барлық тізімді қарамай, тек басшылыққа ең көп сыйақы берген 100 компанияның ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен «Бәйтерек» холдингінің өзі мен оларға қарасты бірнеше компания бар. Атап айтқанда:

  • «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшылығына 275 207 553 теңге сыйақы төленген;
  • Одан бөлек қорға қарасты «Қазақстан Темір Жолы» АҚ басшылығына 631 220 000 теңге;
  • 46% акциясы «Самұрық-Қазына» қорына, 25% акциясы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мемелкеттік мекемесіне тиесілі «Қазақтелеком» АҚ  басшылығына 500 435 000 теңге;
  • 51% акциясы «Қазақтелекомға», 7% акциясы БЖЗҚ-ға тиесілі  «KCell» АҚ басшылығына 633 583 404 теңге;
  • 25% акциясы «Қазақстан Темір Жолына» қарайтын, тиісінше мемлекетке қарайтын «Транстелеком» АҚ басшылығына 536 695 954 теңге;
  • 90% акциясы «Қазақстан Темір Жолына», яғни «Самұрық-Қазына» иелік ететін «ҚазТрансОйл» АҚ басшылығына 508 345 467 теңге;
  • «Qazaq Gas АҚ» басшылығына 377 262 000 теңге;
  • «ҚазМұнайГазға» тиесілі, яғни «Самұрық-Қазынаға» тиесілі «ӨзенМұнайГаз» АҚ басшылығына 366 421 000 теңге;
  • «Самұрық-Энерго» АҚ басшылығына 318 044 000 теңге;
  • 51% акциясы «Самұрық-Қазынаға» қарайтын «Эйр Астана» АҚ басшылығына 308 987 501 теңге;
  • «Қазақстан Темір Жолына», яғни «Самұрық-Қазынаға» тиесілі «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығына 290 628 131 теңге;
  • «Qazaq Air» АҚ басшылығына 272 985 828 теңге;
  • «ҚазМұнайГазға» тиесілі, яғни «Самұрық-Қазынаға» тиесілі «ҚазМұнайГаз Барлау-Өндіру» АҚ басшылығына 193 816 358 теңге; 
  • «Қазақстан Темір Жолына», яғни «Самұрық-Қазынаға» тиесілі «KTZ EXPRESS» АҚ басшылығына 188 350 181 теңге;
  • «ҚазМұнайГазға» тиесілі, яғни «Самұрық-Қазынаға» тиесілі «Қазақ Мұнай және Газ институты» АҚ басшылығына 185 358 784 теңге;
  • «Қазпошта» АҚ басшылығына 183 983 810 теңге;
  • «ҚазАтомӨнеркәсіп», тиісінше Самұрық меншігіндегі «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ басшылығына 162 612 700 теңге; 
  • 50% акциясы «Самұрық Қазына» қорына, 50% акциясы «Бәйтерек» холдингіне қарасты «Астанагаз ҚМГ» АҚ басшылығына 161 695 000 теңге сыйақы төленген. 

Яғни, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты компаниялардың басшылары 2021 жылы кемінде 6 095 932 671 теңге сыйақы алған. Бұдан бөлек:

  • «Бәйтерек» холдингі 2021 жылғы жұмысы үшін басшылығына 292 385 422 теңге; 
  • «Отбасы банк» тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басшылығына 261 342 728 теңге; 
  • «Қазақстандық тұрғын-үй компаниясы» АҚ басшылығына 210 989 178 теңге; 
  • «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басшылығына 182 428 353 теңге; 
  • «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ басшылығына 158 652 230 теңге; 
  • «Қазақстан даму банкі» АҚ басшылығына 172 527 333 теңге;
  • «KAZAKHEXPORT» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ басшылығына 168 568 600 теңге сыйақы төлеген. 

Бәрін қосқанда «Бәйтерек» холдингі қарасты компаниялардың топ менеджменті 2021 жылы кемінде 1 446 893 844 теңге сыйақы алған. 

Ал «Самұрық-Қазына» қоры мен «Бәйтерек» холдингіне тиесілі компаниялардың басшылары 2021 жылы жиынтық 7 542 826 515 теңге сыйақы алды. 

Сонымен қатар «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басшылығы 182 320 981 теңге сыйақы алғанын да айта кету керек. 

Айта кетерлігі, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев Ресей және Ұлыбритания азаматы. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама