×

Конституциялық кеңес Тоқаевтың ұсынысына қатысты шешім қабылдады

Ұсынылған заң жобасы президенттің бір мәрте 7 жылдық өкілеттік мерзімін белгілеуді көздейді

 Динара Амантай 14.09.2022 | 09:40
Фото: ашық дереккөз

Конституциялық кеңес президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңы жобасының Конституцияның 91-бабының 2-тармағына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Кеңестің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұсынылған заң жобасы Конституцияда Республика президентінің бір мәрте 7 жылдық өкілеттік мерзімін белгілеуді, сондай-ақ ел астанасының атауын өзгертуге байланысты негізгі Заңның 2-бабына түзетулер енгізуді көздейді.

Конституциялық кеңестің пайымдауынша, президенттік мандаттың бір мәрте жеті жылдық мерзімін белгілеу ағымдағы жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда қабылданған мемлекеттік билікті монополизациялауға жол бермеуге бағытталған конституциялық новеллалардың мәніне сай келеді.

Осы орайда, Конституциялық кеңес «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заң жобасы Конституцияда белгіленген талаптарға сәйкес деп санайды.

1. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясына, соның ішінде Негізгі Заңның 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға, сәйкес деп танылсын.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қорытындысы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды, – делінген құжатта.

Құжаттың толық мәтінімен сілтеме арқылы танысуға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама