×

Атырау облысы мектептерінде 380 жұмыс орны бос тұр

Білім басқармасының хабарлауынша, орыс сыныптарына бастауыш сынып мұғалімі қажет

 Айгерім Таубай 13.09.2022 | 14:50
Коллаж: Халық үні

Атырау облысында орыс тілінде білім беретін сыныптарда мұғалім тапшы. Бұл туралы облыстың білім басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

1 457 ОҚУШЫ АПАТТЫ ЖАҒДАЙДАҒЫ МЕКТЕПТЕ ОҚЫП ЖАТЫР

2022-2023 оқу жылында облыста 189 мемлекеттік мектеп, 14 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Өңір бойынша 141 320 оқушының ішінде 138 572 бала мемлекеттік мектепте, 2 070 оқушы жекеменшік мектепке барады. Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 678 оқушы оқиды. Бұған дейін өңірде биыл 14 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттағаны хабарланды.

Облыста 1 457 оқушы апатты жағдайдағы 4 мектепте білім алып жатыр.

Индер ауданындағы апатты жағдайда тұрған Қалам Есқалиев атындағы орта мектепте 240 бала білім алып жатыр.

Жылыой ауданы №5 жалпы орта білім беретін мектепте 484 бала бар.

Махамбет ауданы Төленов атындағы мектеп-гимназиясында 431 оқушы білім алып жатыр. Атырау қаласы №1 Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектепте 302 оқушы бар.

Ауылдық жердегі апатты мектептердің мәселесін шешу үшін 3 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Атырау қаласындағы апатты жағдайдағы бір мектеп бойынша тендер аяқталып, келісім жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады облыстың білім басқармасы.

Сондай-ақ 2021-2025 жылдар аралығында Атырау облысы бойынша 48 мектеп салынады деп жоспарланған. Қазір 10 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

КОМПЬЮТЕР МЕН ИНТЕРАКТИВТІ ТАҚТА ҚАЖЕТ

Атырау облысында 7 аудан бар. Оның ішінде Индер, Махамбет, Жылыой, Мақат аудандарынан басқа аудандағы мектептер компьютермен 100% қамтамасыз етілген.

Индер ауданы мектептері компьютермен 37% қамтамасыз етілген. Ауданда 15 мектеп, оның ішінде 304 оқу кабинеті бар. 137 кабинетте интерактивті тақта жоқ, - деп хабарлады басқарма.

Мақат ауданы мектептері компьютермен 36,6% қамтылған. Аудандағы 9 мектепке 265 компьютер, 101 интерактивті тақта қажет.

«Махамбет ауданының мектептері компьютермен 89% қамтылған. Ауданға қарасты білім мекемелеріне 290 компьютер мен 10 интерактивті тақта қажет», - делінген ақпаратта.

Жылыой ауданының мектептері 80% компьютермен қамтылған. Ауданға қарасты оқу ордасына 160 компьютер мен 120 интерактивті тақта қажет.

380 ПЕДАГОГ ОРНЫ БОС ТҰР

Облыс бойынша мектептерде 12 424 педагог жұмыс істейді. 2022-2023 оқу жылында 380 кадр қажеттілігі бар.

Әсіресе орыс сыныптарына бастауыш сынып мұғалімі қажет. Сондай-ақ орыс сыныптарына қазақ тілі, орыс тілі мен әдебиеті, тарих, математика, технология пәнінен сабақ беретін педагогтер сұранысқа ие, - деп хабарлады Атырау облысының білім басқармасы.

2021 жылы мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Мамандар ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылармен жұмыс істейді. Атырау облысы бойынша мектептерде 107 педагог-ассистент бар. Атырау қаласында 54 маман, ауыл мектептерінде 53 маман бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама