×

Қазақстанда жаңа «Береке банк» пайда болды

«Бәйтерек» холдингі банкті қаншаға сатып алғанын жарияламай отыр

 Халық үні 13.09.2022 | 11:34
Сурет: ашық дереккөзден

Ресейдің Сбербанкінің Қазақстандағы еншілес ұйымы болған «Сбербанк Қазақстан» енді «Береке банк» деп аталмақ, деп мәлімдеді «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін санкцияға ұшырыған ресейлік Сбербанкті қазақстандық «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің сатып алғаны хабарланған еді. Алайда, банктің қаншаға сатып алғанын холдинг басшылығы «коммерциялық құпия» деп айтпаған. 

«Ребрендинг қажет болады. Меншік құқығын беру транзакциясын 1 қыркүйекте жаптық. Жаңа банк «Береке банк» деп аталмақ. Қазақтың жақсы сөзі – бәріміз бір-бірімізге тілейміз. Менің ойымша, бұл банктің бұрын жұмыс істеген құндылықтары мен тілектерін көрсетеді және әрі қарай жұмыс істей береді деп үміттенемін», – деді Қанат Шарлапаев.

Айта кетейік, Қанат Шарлапаев Қазақстан азаматы емес, Ресей және Ұлыбритания азаматы. «100% мемлекеттік холдингке басшы болуы қаншалықты орынды?» деген сұрағымызға да «Бәйтерек» басшылығы «заңға қайшы емес» деп қысқа жауап қайырған болатын. 

Сонымен қатар, таяуда елдегі акционерлік қоғамдардың берген есебінде «Бәйтерек» холдингі мен оған қарасты компания басшыларының 2021 жылы кемінде 1,5 млрд теңге сыйақы алғаны жарияланған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама