×

Қытай төрағасы Қазақстан туралы мақала жазды

Cи Цзиньпин Қытайдың аймақтағы бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты қолдайтынын айтты

 Дастан Жұмабекұлы 13.09.2022 | 10:34
фото: ашық дереккөз

Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанмен достық және елордаға сапары туралы мақала жазды.

«Казахстанская правда» газетінің хабарлауынша, Си Цзиньпин мақаласында елімізге осымен төртінші рет баратынын, оның соңғы сапары осыдан бес жыл бұрын болғанын атап өтті. Одан әрі ол биыл Қытай мен Қазақстанның арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отырғанын, екі елге ортақ қауіпсіздігімізді қорғау мәселесі күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе екенін, Қытай Қазақстанмен аймақтағы бейбітшілік пен ұзақ мерзімді саяси тұрақтылықты бірлесіп қолдайтынын атап көрсетті.

Біздің елдеріміз мемлекеттік егемендік, қауіпсіздік және аумақтық тұтастыққа қатысты негізгі мәселелер бойынша әрқашан бір-біріне берік қолдау көрсетеді, –  деп жазды Си Цзиньпин.

Осы ретте, Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстанның бір-біріне қолдау мен көмек көрсету қағидасынан ешқашан ауытқымағанын және тату көршілік қарым-қатынастарды дамытудың лайықты үлгісін көрсетіп келе жатқанын айтып, пандемияға қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 25 миллиард доллар болғанын атап өтті.

Сондай-ақ, ол 21,2 млрд доллардан асатын 52 бірлескен жобаның әзірленгенін, оған мысал ретінде 100 мегаваттық Жаңатас жел электр станциясы, JAC автомобиль құрастыру желісі мен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстарының істелінгенін жеткізді.

Сонымен бірге ол Қазақстанда Қытайдың дәстүрлі медицина орталығы мен Лу Бан атындағы шеберхана ашылатынын хабарлады.

Си Цзиньпин Нұр-Сұлтанға 14 қыркүйекте келеді. Осы кездесуде Қазақстан мен Қытай басшылары жан-жақты қазақстандық-қытайлық стратегиялық әріптестікті нығайту перспективаларын талқылайды. Келіссөз кезінде бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланып отыр.

Қытай төрағасы Өзбекстан Республикасымен де дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған мақала жазды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама