×

Ұлыбритания королі халыққа үндеу жолдады

Ол ұлы Уильямға Уэльс ханзадасы атағын берді

 Дастан Жұмабекұлы 12.09.2022 | 11:17
фото: ашық дереккөз

Ұлыбританияның жаңа королі III Чарльз ел билеушісі ретінде алғаш рет халыққа үндеу жолдады. Ол анасы II Елизавета патшайым сияқты еліне қызмет етуге уәде берді. Сонымен бірге ол өзін Ұлыбритания, Солтүстік Ирландия, Шотландия және Уэльс біріккен корольдігінің королі деп жариялады.

8 қыркүйек күні II Елизавета патшайым 96 жасында қайтыс болған еді. Осыған байланысты Букингем сарайында мемлекеттік ту түсіріліп, 10 күндік аза тұту күні жарияланды. 

Аса мәртебелі патшайым, менің сүйікті анам бүкіл өмір бойы маған және менің отбасыма үлгі болды. Ол әрдайым өз ісіне адал болды. Енді мен де патшайым секілді еліміздің конституциялық принциптерін өмір бойы қолдап, қорғауға ант етемін, - деді король үндеуде. 

Осы күні III Чарльз Букингем сарайында Ұлыбритания королі ретінде премьер-министр Лиз Трассты қабылдады. Сондай-ақ, ол ұлы Уильямға Уэльс ханзадасы атағын берді. Бұрын бұл титул монархтың өзіне тиесілі болған. Ал Уильямның жары Кейт Уэльс ханшайым атағын иеленді.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ІІІ Чарльзге жеделхат жолдап, оны ел билеушісі ретінде таққа отыруымен құттықтаған болатын.

Қазақстан Ұлыбританиямен берік достық байланыстарға, қарқынды саяси диалогқа, өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстарға негізделген берік стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайды. Түрлі салалардағы, оның ішінде халықаралық аренадағы жан-жақты ынтымақтастығымыз достас халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі нығая беретініне кәміл сенімдімін, - деп жазылған жеделхатта.

Құттықтау соңында президент корольге барлық игі бастамаларына толағай табыс, ал король отбасы мүшелері мен барлық британдықтарға бақыт пен өркендеу тіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама