×

СҚО-да 70-тен астам бала қабырғасы сыз тартқан мектепте оқып жатыр

Облыс бойынша үш мектеп апатты жағдайда тұр

 Самат Жақып 05.09.2022 | 14:40
Коллаж: Халық үні

Солтүстік Қазақстан облысында бір мектептің оқушылары жаңа оқу жылын апатты жағдайдағы ғимаратта бастады. Мектеп Ақжар ауданына қарасты Кіші Қараой ауылында орналасқан, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Облыста одан бөлек тағы екі мектеп апатты жағдайда тұр, олар Тайынша аудынында орналасқан.

Кіші Қараой ауылындағы мектепте қазір 70-тен астам оқушы білім алып жатыр. Үш қабатты ғимарат 1978 жылы халық игілігіне берілген. Алайда сол уақыттан бері білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Мектеп 400 балаға арналған, алайда қазір тең жартысы қаңырап бос тұр. Ғимараттың төбесінен су ағып, қабырғасы сыз тартып, көгеріп кеткен.

Ауыл тұрғындары мектептің күйін айтып былтыр шағымданды. Алайда сол уақыттан бері ештеңе өзгермеді. Қазір балалар осы мектепте оқып жатыр.

«Былтыр мектептің жағдайын айтып, мәселе көтерген едік. Сол кезде биліктегілер мәселені шешеміз деген сыңай танытты. Алайда ешқандай жұмыс істелмеді. Балаларымыз қабырғасы көгеріп кеткен ғимаратта білім алып жатыр. Кабинеттердің ішінде жағымсыз иіс бар. Мектеп директор – зейнет жасына жақындаған адам. Ол кісіге ештеңе керек емес сияқты», - дейді атын атамауды өтінген ауыл тұрғыны.

Жергілікті билік бұл мәселені біледі, алайда жөндеу жұмыстарын бастауға қаржы жоқ дейді.

«Қазір жобалық-сметалық құжат әзірленді. Күнделі жөндеу жұмыстарына 250 миллион теңге қажет. Жоспар бойынша Кіші Қараой ауылындағы білім ошағы қайта қалпына келтіріледі. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ақша бөлу көзделген. Бұл нысан әбден ескірген. Сондықтан ол кешенді жөндеуді қажет етеді», - дейді Ақжар аудандық білім бөлімінің жетекшісі Қайрат Садуов.

Айта кетейік, биыл өңірде 27 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған 2,4 миллирд теңге бөлінді. Алайда әлі де жүздеген мектеп ғимаратын жаңарту қажет.

Тайынша ауданында да  бірнеше мектеп ресми түрде апатты деп танылған. Екі мектептің орнына жаңа мектептің құрылысы басталды. Бірі желтоқсанда қолданысқа беріледі.

Бұған дейін оқу-ағарту министрі республика бойынша апатты жағдайдағы 33 мектеп бар екенін айтты.

«Биыл республика бойынша 7 600-ден астам мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 30-ға жуық мектеп апатты жағдайда тұр. Мұндай мектептерді алмастырып, жаңа мектеп салу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Алдыңғы жылы 270 мектеп салынса, биыл 260-қа жуық мектептің құрылысын аяқтаймыз. 2025 жылға дейін мың мектеп салу мақсаты тұр. Сол арқылы 3 ауысымдағы, апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешіледі», - деді министр Асхат Аймағамбетов.

33 МЕКТЕП АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА ТҰР

2022-2023 оқу жылында республика бойынша орта білім беретін 7 670 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 33 мектеп апатты жағдайда тұр.

Ақмола облысында 2 мектеп, Ақтөбе облысында – 4, Атырау облысында – 4, Батыс Қазақстан облысында – 6, Қарағанды облысында – 3, Маңғыстау облысында – 2, Солтүстік Қазақстан облысында – 3, Түркістан облысында – 4, Алматы қаласында бір мектеп апатты жағдайда тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама