×

«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды

Биыл шәкіртақы 84 қазақстандыққа тағайындалды

 Динара Амантай 01.09.2022 | 15:56
Фото: turkystan.kz

Биылғы іріктеудің екінші легінде стипендия 84 қазақстандыққа тағайындалды. Оның ішінде 78-і магистратураға, 6 адам әлемнің үздік жоғары оқу орындарының докторантурасына түсті. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Орталық өкілдерінің мәліметінше, 31 тамызда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында стипендияларды тағайындау туралы шешім қабылданды.

Биыл «Ақпараттық технологиялар мен жүйелер», «Биотехнология. Биоинженерия. Биомедицина. Биохимия», «Көлік технологиялары. Көлік инженериясы. Логистика», «Білім беру саласындағы басқару», «Үлкен деректерді талдау. Салалар бойынша предиктивті талдау» және басқа да мамандықтар сұранысқа ие болды, – делінген хабарламада.

«Болашақ» стипендиясын тағайындауға үміткерлерді іріктеу бойынша конкурс жылына 3 рет өтеді. Қорытынды шілде, тамыз және желтоқсан айларында шығарылады. Жыл соңына дейін республикалық комиссияның тағы бір отырысы өтпек.

Жалпы алғанда, биыл магистратура мен резидентураға 385 стипендия, докторантураға 60, тағылымдамадан өтуге 110 стипендия бөлінді.

«Болашақ» стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжаттар қабылдау биылғы жылғы 23 мамырда басталды және 14 қазанға дейін жалғасады.

5 қыркүйекте тағылымдамадан өту үшін құжаттар қабылдау басталып, 2022 жылғы 14 қазанда аяқталады.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің толық тізімі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ сайтында жарияланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама