×

«Жер үйде тұрамын». Шенеунік көмірді қашан сатып алу керектігін айтты

Биыл көмір бағасы айтарлықтай көтерілмейді

 Дәурен Ерболат 25.08.2022 | 17:05
фото: ОКҚ

Көмірді қымбатқа алмас үшін ертерек қимылдаңыздар. Бұл туралы ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Оның айтуынша, көмірдің бағасы оның қайдан жеткізілетініне тікелей байланысты. Егер өңір көмір өндірілетін жерден алыс орналасса, оның бағасы да соғұрлым жоғары болады.

Қазіргі таңда 1 тонна көмірдің орташа бағасы – 9 – 14 мың теңге аралығында. Алайда кейбір облыстар көмірді разъезден тікелей алғандықтан ондағы баға – 7-8 мың теңге. Бұл Қарағанды, Абай, Павлодар облыстары, - деді Ілияс Оспанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол оңтүстік өңірлерде көмірдің бағасы жоғары болатынын атап өтті.

Комитет төрағасы оның қымбаттауына делдалдар ықпал ететінін жеткізді.

Көмірдің бағасын ортадағы делдалдар көтереді. Оның бағасын ұстап тұрмыз. Барлығы бақылауда. Ешкімге қызмет көрсетуге кедергі жасай алмайсың. Сондықтан көмірді ертерек яғни 1-3 апта бұрын сатып алыңыздаршы. Болды. Сіздерге шілде, тамызда сатып алыңыздар деп айтпаймыз. Мен де жер үйде тұрамын. Мәселені білемін..., - деді басшы.

Осыған байланысты ол қазақстандықтарға кеңес берді.

«...Шұбаркөлдің көмірін алуға болады. Ол жақсы жанады. «Қаражыра» кен орнынан өндірілген көмірді алуға болады. Бірақ оны көп сақтауға болмайды. Оны жылыту маусымы жақындағанда алу керек. Мысалы, көмірді қазір сатып алу керек. Өңірлерде көмірдің қоры жеткілікті. Онда кезек жоқ, баға тұрақты», - деді ол.

Сөз соңында Ілияс Оспанов биыл көмір айтарлықтай қымбаттамайтынын жеткізді.

«Көмір бағасы өсуі мүмкін. Бірақ 1,5 – 2 есе қымбаттамайды», - деді комитет төрағасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама