×

Қос министрлікті қайта құру аяқталды – Аймағамбетов

Мемлекет басшысының екі ведомствоны бөлу туралы шешімі білім саласының дамуы үшін маңызды болды

 Динара Амантай 25.08.2022 | 12:12
Фото: halyq-uni.kz

Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігін қайта құру аяқталды. Үкімет тиісті қаулы қабылдады. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов Facebook желісіндегі парақшасында жариялады.

Оның айтуынша, мемлекет басшысының министрлікті бөлу туралы шешімі отандық ғылымның да, жоғары білім беру жүйесінің де, жалпы білім беру саласының дамуы үшін маңызды болды. Бұл құрылған екі министрлікке алға қойылған міндеттерге және проблемаларды шешуге егжей-тегжейлі назар аударуына мүмкіндік береді.

Енді Оқу-ағарту министрлігінің құзырына мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері кіреді. Министрліктің қарамағында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету мәселелері де бар.

Сонымен бірге министр жоғары білім және ғылым мәселелерімен Саясат Нұрбек бастаған Ғылым және жоғары білім министрлігі жұмыс істейтінін атап өтті.

Саясат Нұрбекұлының мол тәжірибесі, білімі мен жоғары кәсібилігі министрлік жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Бұған дейін әріптесім Білім және ғылым министрлігі жанындағы жұмыс топтарының құрамында болып, осы салалардың көркейіп, дамуына септігін тигізген маңызды жобаларды жүзеге асыруға үлес қосты.

Әріптестеріме қазақстандық ғылым мен жоғары білімді елімізде және шет елдерде дамыту үшін алға қойған барлық жоспар мен жобаны жүзеге асыруға тілектеспін! – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.

Еске сала кетсек, бұған дейін жаңа оқу жылы қарсаңында Аймағамбетов Ішкі істер министрлігімен балалардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылағаны туралы жаздық.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама