×

Жаңа оқу жылында оқушылардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?

Қыркүйектен бастап 5 мыңнан аса тергеуші мектептерде профилактикалық кездесулер өткізеді

 Динара Амантай 24.08.2022 | 10:04
Фото: polisia.kz

Жаңа оқу жылы қарсаңында Ішкі істер министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің басшылары балалардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, кездесуге онлайн режимде облыс әкімдерінің орынбасарлары, білім басқармаларының және өңірлердегі полиция департаменттерінің жетекшілері қатысты.

«Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» дейді. Бүгінгі таңда біз 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіреміз деп болжам жасап отырмыз, оған жер қойнауындағы байлықпен емес, адами байлықпен кіреміз. Ол бүгінгі өсіп келе жатқан жасөспірімдерге байланысты. Сондықтан осы мәселені біз өте мұқият қарауымыз қажет. Неге Ішкі істер органдарында осындай жиналыс жасап отырмыз? Өйткені ертеңгі қауіпсіздік, еліміздің ертеңгі тыныштығы, ертеңгі сапалы ұрпақ – бүгін қалыптасады”, – деді ІІМ басшысы Марат Ахметжанов.

Кездесуге қатысушылар балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесін де қозғады. Мысалы, оқу жылы қарсаңында бүкіл ел бойынша «Назар аударыңыз – балалар!» жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Ол жалпы жолдағы қауіпсіздікті қадағалауға, балаларды тасымалдайтын мектеп автобустарын бақылауға мүмкіндік береді.

Қыркүйек айынан бастап 5 мыңнан астам тергеуші біздің мектептерге келіп, профилактикалық мақсатта қажетті кездесулер өткізетін болады. Бұл мәселеге мектеп директорлары мен білім беру бөлімдерінің басшылары белсенді қатысады. Әрине, оқу жылының басында біз әдетте ішкі істер органдарына мектептер жанындағы кезекшілікті күшейтуді ұйымдастыру, жолда арнайы белгілер орнату бойынша жүгінеміз. Сондықтан осы жұмысты бірлесе отырып, тиісті деңгейде жүргіземіз деп ойлаймын», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар екі ведомство басшылары елордалық жедел басқару орталығында болды. Мұнда оқу-ағарту министріне мектептерде орнатылған камералар мен «дабыл түймелерінің» мүмкіндіктері көрсетілді.

Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, қазір бейнебақылау Қазақстанның 7386 мектебінде жүргізіліп отыр. Стационарлық «дабыл түймелері» еліміздің 3514 мектебінде, «мобильді түймелер» 1212 мектепте орнатылған.

Кездесу қорытындысы бойынша әкімдіктерге өңірлердегі полицейлермен бірлесіп, балалар мен педагогтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырмалар берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама