×

Әзербайжанда Құрманғазы атындағы шығармашылықты дамыту орталығы ашылады

Өнер ордасы 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі

 Дастан Жұмабекұлы 24.08.2022 | 16:06
фото: Ақорда

Бакуде Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевтің кездесулері нәтижелі болып жатыр.

Бүгін түсауа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Физули қаласында ашылатын Құрманғазы атындағы шығармашылықты дамыту орталығының макетімен танысты. Бұл өнер ордасының іргесі Қазақстан президентінің шешімімен қаланады.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы қазақ халқының атынан жасалған бұл сыйлық елдеріміздің достығының, бауырластығының және өзара қолдаудың тағы бір нышаны болатынын атап өтті.

Өнер орталығының жалпы ауданы – 3100 шаршы метр. Екі қабатты ғимарат 600 адамға арналған. Биыл қыркүйек айында іргетасы қаланып, 2023 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі.

Физули қаласындағы Құрманғазы атындағы шығармашылық орталығы музыка және музыкалық аспаптар, заманауи технологиялар: жұмыс жабдықтары, 3D модельдеу, веб-дизайн, фото және видео курстар бағытында жұмыс істемек. Сонымен қатар кілем тоқуға, қолөнерге, түрлі спорт пен хореографияға баулитын сыныптар ашылады.

Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа шексіз алғысын айтып, Физули қаласының балалары үшін әлемдік деңгейдегі шығармашылық орталық болады деп сенетінін жеткізді.

Бұған дейін хабарланғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы екіжақты саяси, экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Әзербайжанның президенті Ильхам Алиевті Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы «Алтын Қыран» орденімен марапаттады

Қазақстан президентінің Жарлығы Ақорданың ресми сайтында жарияланды. 

Бұл марапат Ильхам Әлиевке екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосқаны үшін табыс етілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама