×

Жетісу облысында жүк көліктері жолда қалды (ВИДЕО)

Жанармай бекетінде бір көлікке 50 литрден артық дизель сатылмайды

 Халық үні 16.08.2022 | 14:28
Halyq Uni / Shynargul Onashbay

Талдықорғанда дизель отыны тапшылығы байқалады. Кейінгі күндері жүк тасымалдаушылар қалаға кіреберісте көлігін тастап, өздері қонатын жер іздейтін болды. Олардың сөзінше, қалада дизель отыны тәулігіне бір көлікке 50 литрден ғана сатылып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Данияр Сәрсен Қазақстанның барлық қала, облысына жүк көлігімен жолға шығады. Отбасын осылай асырап отыр. Күні-түні жолда жүруге үйренген. Айтуынша, Талдықорғаннан 153 шақырым жерде орналасқан Сарқан ауданына бару үшін 50 литр дизель жетпейді. Сондықтан Данияр Сәрсен Талдықорғанда қонуға мәжбүр. Ол бір тәулік өткен соң 50 литр дизель сатып алып жолға шығады.

Дизельдің тапшылығы кәсібіме кері әсер етеді. Тауарды уақытылы жеткізбеу – клиенттің сенімінен айырылу деген сөз. Сондай-ақ аялдаған жерімізде бір-екі күн қалу да артық шығын. Жататын орның, ішетін тамағың бар. Бұл жағдай қолайсыздық тудырып жатыр. Кез келген жанармай бекетіндегі жағдай – осы. Бір тәулікте 50 литр дизель сатады, - дейді Данияр Сәрсен.

Айтуынша, жанармай бекетінде көліктің мемлекеттік нөмірін тексереді. Алайда ол жерде жұмыс істейтіндер мұның себебін білмейтінін айтады.

Осы мәселеге байланысты Жетісу облысы Кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы облыстағы дизель тапшылығының неден туындағанын айтпады. Алайда бұл мәселе әкімдіктің назарында екенін жеткізді.

Жетісу облысында 106 жанармай бекеті бар. Өңір халқына 4 634 тонна дизель отыны қажет. 13 тамыздағы мәлімет бойынша қорда 1 232 тонна дизель отыны бар. Энергетика министрлігі облысқа 5 тонна дизель отынын бөлген. Облысқа ол енді жеткізіледі.

Сондай-ақ басқарма Алакөл, Ақсу, Кербұлақ және Сарқан аудандарында дизель тапшылығы бар екенін айтып, оны күзгі жиын-терін науқанымен байланыстырады.

Алайда Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасының техникалық бақылау және әкімшілік бөлімі басшысы Мәди Салауханов күзгі дала жұмыстары үшін дизель отыны жеткілікті дейді.

Ауыл шаруашылығы мақсатына облыс бойынша 6875,5 тонна дизель отыны бөлінген. Оны алу үшін шаруалардың өздері жергілікті ауыл шаруашылығы бөлімдеріне өтінім береді. Содан кейін ғана мұнай базаларынан сатып алады. Дизельдің бағасы нарықта 230 теңге болса, шаруашылық құрылымдарға 205 теңгеден сатылады», - дейді Мәди Салауханов.

Маманның айтуынша, шаруалар арасында дизель отыны тапшылығы жоқ.

«Ақсу, Ескелді, Сарқан, Талдықорған Талдықорғандағы мұнай базасынан, Қаратал ауданы Үштөбеден, Сарыөзек кенті Сарыөзектен, Панфилов ауданы Алтынкөлден, Үшарал Бескөл мұнай базасынан алады. Ауыл шаруашылық мақсатына арналған дизель отынына қатысты тапшылық жоқ. Тамызда 1 276 тонна, қыркүйекте 2 323,6 тонна, қазанға 1 935 тонна бөлінген. Бұл бізге Энергетика министрлігінен бөлінген кепілдендірілген дизель отыны», - дейді маман.

Шынаргүл Оңашбай, Жетісу облысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама