×

Орыстілді мектептерде қазақ тілі мен орыс тілі 1-сыныптан бастап оқытылады – Аймағамбетов

Қазақтілді мектептерде 1-сынып оқушылары тек қазақ тілінде білім алады

 Дәурен Ерболат 16.08.2022 | 10:51
Halyq Uni

Еліміздегі қазақ мектебіндегі оқушы 1-сыныпта тек қазақ тілінде оқиды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол жаңа оқу жылында мектепке қатысты бірқатар жаңашылдық енгізілгенін атап өтті.

Арнайы зерттеу, сараптама қорытындысына сәйкес, бірінші сынып оқушысына 3 тілді бірдей меңгерудің тиімділігі төмен екені анықталды. Осыған байланысты біз шешім қабылдадық. Екінші, үшінші тілді жақсы меңгеруі үшін бала алдымен өз ана тілінде оқып, жазып үйренуге тиіс. Біз қазақтілді мектептерде оқушыны тек қазақ тілінде оқытуды, ал орыстілді мектептерде қазақ тілі мен орыс тілін бірінші сыныптан бастап оқыту туралы шешім қабылдадық, - деді министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, қазақтілді мектептерде 2-сыныптан бастап орыс тілін пән ретінде оқи бастайды және барлық мектепте 3-сыныптан бастап ағылшын тілі енгізіледі.

«Сондай-ақ еңбекке баулу, бейнелеу өнері 1-сыныптан бастап енгізілді. Музыка пәні шеңберінде 6-сынып оқушылары өз қалауымен домбыраны үйрене алады. Мектептерде қосымша факультатив есебінен шахматты дамытуға жағдай жасалады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Жаңа 2022-2023 оқу жылындағы бірқатар өзгерісті мына жерден оқуға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама