×

Жайық маңындағы ежелгі Сарайшық қалашығын су басуы мүмкін

Тарихи мұраны тасқыннан қорғау жұмысын күшейту тапсырылды

 Қымбат Елтайқызы 12.05.2024 | 09:00
фото: primeminister.kz

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Атырау облысындағы су тасқынына қарсы күрес шараларының дайындығын тексерді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол Атырау облысы Индер ауданының Индербор, Жасуат, Құрылыс ауылдарында, сондай-ақ Махамбет ауданына қарасты Махамбет, Сарайшық, Талдыкөл ауылдарында жағалауды нығайту жұмыстарын тексерді, деп мәлімдеді Үкімет.

Өңірде су тасқыны қаупі сақталып тұр. Жайық-Индербор және Жайық-Махамбет гидробекетінде су деңгейі қауіпті белгіден асып түсті. Жайық өзенінде судың одан әрі көтерілуі күтілуде. Барлық қауіпті учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Табиғи апатпен күреске жергілікті тұрғындар, еріктілер және әртүрлі кәсіпорындардың қызметкерлері белсенді түрде атсалысуда, – деді ведомство. 

Индер ауданында жер бөгеттерінің жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайды. Қорғаныс бөгеті Жасуат, Индербор, Құрылыс, Көктоғай, Өрлік, Есбол және Елтай елді мекендерінде салынған. Аталған жұмыстарға 40-тан астам арнайы техника, 300-ге жуық әскери қызметші және 100-ге жуық ТЖ қызметкері, оның ішінде Қызылорда облысы ТЖД қызметкерлері жұмылдырылды. 

Махамбет ауданында Жайық өзенінің бойында 17 елді мекен орналасқан. Оларды қорғау үшін 80 км жағалауды нығайтатын бөгеттер салынды. Ауданда бөгеттердің жалпы ұзындығы 105,8 км құрайды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда, оларға 130 арнайы техника, 650 әскери қызметші, 200-ден астам ТЖ қызметкері, 300-ге жуық ерікті мен жергілікті тұрғындар тартылды. 

Вице-премьер Махамбет ауданының әкіміне ежелгі Сарайшық қалашығы маңындағы Жайық өзенінің бойындағы бөгетті тағы да қосымша көтеруді тапсырды. 

«Ол үшін мұнда Қорғаныс министрлігі жеке құрамының жүздеген қызметкері мен ондаған техника тартылады. Біздің тарихи мұрамызды қорғауға және сақтауға жауапкершілікпен қарау қажет», - деп тапсырды Қанат Бозымбаев.

Жайық бойындағы елді мекендерді су басу қаупі әлі де жоғары. Қазақстандықтар тасқынмен қалай күресіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама