×

Үш тілде оқыту, шәкіртақы: Жаңа 2022-2023 оқу жылында не өзгереді

Жаңа оқу жылында ағылшын тілі пәні үшінші сыныптан бастап оқытылады, сондай-ақ оқушылардың демалысы қысқаруы мүмкін

 Айгерім Таубай 25.07.2022 | 11:25
Фото: Halyq Uni

Жаңа 2022-2023 оқу жылының басталуына бір ай қалды. Қазірге дейін оқу-ағарту министрлігі оқу жылында енгізілуі мүмкін өзгертістердің бір парасын жариялады. Halyq Uni материалынан жаңа оқу жылында оқушылар мен мұғалімдерді не күтіп тұрғанын оқыңыз.

МЕКТЕПТЕРДЕ ОҚУ ЖЫЛЫ ҰЗАРУЫ МҮМКІН

Оқу-ағарту министрлігі оқу жылын ұзартуға бағытталған бұйрық жобасын әзірледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Соған сәйкес, 1-сыныпта 35 апта болса, 2-11 (12) сыныпта 36 апта болады. Оқу жылы ішіндегі демалыс күндері де белгіленген.Олар:

  • күзгі каникул – 7 күн (2022 жылдың 31 қазаны – 6 қарашасы аралығында); 
  • қысқы демалыс – 9 күн (2022 жылдың 31 желтоқсаны мен 2023 жылдың 8 қаңтары аралығында); 
  • көктемгі демалыс – 9 күн (2023 жылдың 18-26 наурызы аралығында); 
  • 1-сыныпқа қосымша каникул – 7 күн (2023 жылдың 6-12 ақпаны аралығында) беріледі.

Бұйрық жобасында оқу жылына қосымша екі апта қосу арқылы оқу жылының ұзақтығын ұлғайту бір күндегі сабақтар санын қысқартуға, бес күндік оқу аптасын іске асыруға мүмкіндік беретіні көрсетілген. Сондай-ақ жаздағы демалыс күндерін қысқарту құқықбұзушылық санын азайтуға да септігін тигізеді деген болжам бар.

Сондай-ақ мамандар қосымша оқу апталарының қосылуы күнделікті сабақтың санын, яғни мұғалімнің де, оқушының да күнделікті оқу жүктемесін азайтатынын айтты. Алты күндік көптеген мектеп жаңа талапқа сай бес күндік оқу аптасына ауыса алады. Бұл педагогтер жұмысының тиімділігін арттырып,  оқушылардың материалды меңгеруіне ықпал етеді. Яғни, балалар 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында демалады.

АҒЫЛШЫН ТІЛІН ҮШІНШІ СЫНЫПТАН БАСТАП ОҚИДЫ

2022-2023 оқу жылы бірінші сыныпқа келген оқушы ағылшын тілін үшінші сыныптан бастап оқиды. Бұл бастама баланың ең алдымен ана тілінде жазып, оқып үйренуіне бағытталған. Мысалы, қазақ тілінде оқытатын мектептің бірінші сыныбында баланың сабағы тек қазақ тілінде өтеді. Екінші сыныпта орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқытатын мектептерге келсек, 1-сыныпта орыс және мемлекеттік тіл, 3-сыныптан бастап ағылшын тілі қосылады.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, балалар мектепке алты жаста барады. Әріп танымайтын бала бірден қазақ, орыс және ағылшын тілінің әліпбиін қатар меңгеруге тиіс еді. Зерттеулер мұның тиімсіз екенін көрсеткен.

Министр Аймағамбетов ең алдымен бала бір тілде жазуды және оқуды үйренуі қажет екенін айтады. Бір тілді меңгерген балаға екінші тілді меңгеру әлдеқайда оңай болады.

Алайда 1 және 2 сыныпта сағат үнемделгеніне байланысты 3-сыныпта ағылшын тілі сабағының сағаты көбейеді. Министр қазақстандықтар ағылшын тілін білуге тиіс екенін алға тартып, мектептердегі ағылшын тілінің сапасын арттыру бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтты.

ОҚУШЫЛАР ҚАШЫҚТАН ОҚИ МА

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Zakon.kz порталына берген сұқбатында жаңа 2022-2023 оқу жылында оқушылар қашықтан оқымайтынына сенім білдірді.

«Мен қашықтан оқытуға түбегейлі қарсымын, өйткені қашықтан оқыту дәстүрлі оқытуға балама болма алмайды. Бұл жерде мәселе тек білімде ғана емес, жеке адамның қоғамда өмір сүруіне үйрену мәселесі де бар. Балалар бір-бірімен араласуы қажет. Себебі балалар сыныпта ғана емес, үзіліс кезінде немесе асханада бір-бірімен сөйлескен кезде де жаңа дүниені үйренеді», - деді Аймағамбетов.

Алайда елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қашықтан оқуды жоққа шығаруға болмайды. Министрдің ұстанымы – қашықтан оқытуды болдырмау. Аймағамбетовтың айтуынша, эпидемиологиялық жағдай күрделенсе, мектептер ең соңғы болып жабылып, бірінші болып қайта ашылуы керек. Ал дүкен мен базарлар жұмыс істеп тұрғанда мектептерді жабу – қате шешім.

МЕКТЕП ФОРМАСЫ ӨЗГЕРЕДІ

Қазір мектептерде оқушылардың мектеп формасын өзгерту туралы да айтылып жүр. Ал қолданыстағы бұйрық бойынша мектеп қамқоршылық кеңестің келісімі бойынша форманың түсі мен стилін бекітеді. Қазір Қазақстанда 7,5 мың мектеп бар, демек 7,5 мың форма болуы мүмкін. Алайда оқу-ағарту министрлігі мұның тиімсіз екенін айтады. Мысалы, Алматы қаласында бала бір мектептен екінші мектепке ауысса, мектеп формасын да ауыстыруы қажет болады.

Сол себепті бір қала не облыс сол аймақтағы барлық мектепте оқушылардың формасы қандай болатынын бекітеді. Бала бір мектептен екінші мектепке ауысса, мектеп формасына қатысты ешқандай мәселе туындамайды.

Айта кетейік, бұл норма 2023-2024 оқу жылынан бастап күшіне енеді.

ШӘКІРТАҚЫ ӨСЕДІ

2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап студенттердің шәкіртақысы 20%-ға, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 15%-ға өседі.

2022 жылдың қыркүйегінен бастап педагогика мамандарын даярлау бағыты бойынша оқитын студенттер 58 мың теңгеден астам, басқа бағыттар бойынша білім алатындар 37 мың теңгеге жуық шәкіртақы ала бастайды.

Ал магистранттардың шәкіртақысы 86 987 теңгеге дейін, докторанттардың стипендиясы 195 000 теңгеге дейін өседі.

Айта кетейік, қазір студенттер – 31 423 теңге, магистранттар – 76 950 теңге, ал докторанттар 172 500 теңге алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама