×

Мемлекет қаражатын игере алмаған министрліктер аталды

Игерілмеген қаражаттың көлемі - 31 млрд теңге

 Дәурен Ерболат 16.08.2022 | 10:42
фото: Үкімет

Премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын игере алмаған министрліктерді атады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Биыл 7 айда мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,7%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98%-ке атқарылған.

«31 млрд теңге игерілмеген, үнемделгені – 10 млрд теңге. Игерілмеген қаражаттың басым бөлігі Білім және ғылым, Ішкі істер, Қаржы және Төтенше жағдайлар министрлігіне тиесілі», – деді министр.

Вице-премьер Ерұлан Жамаубаев мемлекет қаражатын уақытында игерілмеуіне әсер еткен факторларды атады.

Шарт жасасу рәсімдерін ұзақ уақыт жүргізу, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, төлем шоттарын кеш ұсыну, төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілуі, есепті айда қаражаттың шығындалуына қажеттіліктің болмауы, - деді ведомство басшысы.

Министр жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,5 трлн теңге болғанын атап өтті.

«Атқарылмағаны – 113 млрд теңге. Биыл өңірлерге 3,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. 1 тамызға 1,6 трлн теңге бөлінген. Оның 97%-і игерілген. Атқарылмағаны – 48 млрд теңге, оның ішінде 5 млрд теңге – үнемдеу, 43 млрд теңге игерілмегені. Ең көп игерілмен сома Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Игерілмеудің негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама