×

Алматыда қалалық сот ғимараты қоршауға алынды: сот процестері кейінге қалды

Қалалық соттың поштасына қорқыту-үркіту сипатындағы түрлі хабарлама келген

 Халық үні 15.08.2022 | 13:00
фото: almaty.sud.kz

Алматыда қалалық соттың ғимараты қоршауға алынды. Қазір ғимарат ішіне жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін соттың поштасына қорқыту-үркіту сипатындағы түрлі хабарлама түскен. Соған байланысты қазір сот ғимаратында тексеріс жүріп жатыр.

«Құрметті азаматтар, түсініспеушілік туындамауы үшін сот процестері басқа уақытқа ауыстырылғанын хабарлаймыз. Сот ғимараты қоршауға алынды, судьялар мен сот қызметкерлері эвакуацияланды», - деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын.

Алматы қаласы полиция департаментінің хабарлауынша, соттың поштасына ғимарат ішіне жарылғыш зат қойылғаны туралы хат келген. Қазір ғимарат ішінде саперлер жұмыс істеп жатыр.

«Хабарлама түскені белгілі болғаннан кейін көрсетілген мекенжайға қаланың шұғыл қызметі жіберілді. Олар ең алдымен сот қызметкерлері мен келушілерді қауіпсіз жерге шығарды. Жол-патрульдік полиция көліктерді қауіпсіз жерге шығару жұмыстарын жүргізді. Қазір саперлер оқиға орнында жұмыс істеп жатыр», - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама