×

Байзақтағы жарылыс: Куәгерден күдіктіге айналған әскери қызметінен босатылды

Аслан Бақытжановқа қатысты қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалған

 Ұлдана Жұбай 12.08.2022 | 19:02
Halyq Uni

Жамбыл облысында жарылыс болған кезде әскери бөлімде командирдің міндетін уақытша атқарған Аслан Бақытжанов қызметінен босатылды. Бұл туралы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Аслан Бақытжановқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Соған байланысты ол ақшалай жәрдемақылардан да қағылды.

«ҚР ІІМ Әскери тергеу басқармасы Аслан Бақытжановқа қатысты қылмыстық іс қозғауына байланысты ол штаттық қызметінен босатылды. Оны жұмыста қалдыру «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң мен әскери қызметті атқару қағидаларына сай келмейді. Өйткені өзіне қылмыстық іс қозғалған әскери қызметшілер мемлекеттік әскери лауазымды атқаруға құқығы жоқ», - деп хабарлады «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы.

Қазір Аслан Бақытжанов жалақы алмайды, алайда жалдамалы пәтері үшін отбасындағы 5 адамға ай сайын 125 мың теңге алады.

Аслан Бақытжановтың отбасына көмек көрсетіледі. Нақтырақ айтқанда, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Бақытжановтың жарын жұмысқа орналастыруға, сонымен қатар мектепке баратын 2 баласын оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етуге дайын. Ал Аслан Бақытжановқа консультациялық көмек көрсетуге, сондай-ақ қажет болған жағдайда мемлекеттік адвокат табуға қол ұшын созамыз, - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ подполковник ақталса, оған толық көлемде төлем жүргізіледі.

Ал бас әскери прокуратура Аслан Бақытжановтың әрекетіне құқықтық баға берілгенше қылмыстық іс құпия қалатынын хабарлады. 

«28/349 бөлімінде болған жарылысқа қатысты тергеп-тексеру әлі жүргізіліп жатыр. Қазір Аслан Бақытжанов күдікті ретінде танылып отыр. Жасаған әрекеттеріне байланысты оған құқықтық баға беріледі», - деді Бас әскери прокурордың аға көмекшісі Еркін Қожахмет.

Айтуынша, Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес басқа да ақпарат хабарланбайды. Сондай-ақ Бақытжанов орган қабылдаған шешімге келіспесе, шағым түсіре алады.

Айта кетейік, бұған дейін Байзақ ауданындағы жарылыс болған әскери бөлімде командирдің міндетін уақытша атқарған Аслан Бақытжанов 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені хабаранды.

Оған Қылмыстық кодекстің 453-бабының 1-бөлігі («қызметке салғырт қарау») және 462-бабының 3-бөлігі («қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу») бойынша айып тағылған. Алайда 35 жастағы Бақытжанов өзінің кінәсі жоқ екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама