×

«Тірі қалғаныма кінәлімін бе?»: Байзақтағы жарылыстан кейін куәгерден күдіктіге айналған командирдің жанайқайы

Ол 2021 жылдың маусымында командирдің міндетін уақытша атқарушы қызметіне кіріскен

 Ұлдана Жұбай 11.08.2022 | 18:43

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыс болған әскери бөлімде командирдің міндетін уақытша атқарған Аслан Бақытжанов 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оған Қылмыстық кодекстің 453-бабының 1-бөлігі («қызметке салғырт қарау») және 462-бабының 3-бөлігі («қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу») бойынша айып тағылған. Алайда 35 жастағы Бақытжанов өзінің кінәсі жоқ екенін айтты.

Аслан Бақытжанов қызметін 2019 жылы 28/349 әскери бөлімінің штаб бастығы болып бастаған.

«Штаб бастығы болған сәттен бастап әскери бөлімдегі кемшіліктерді көзім шалып, басшылыққа ескертіп келдім. Яғни, хат жазып, тиісті шара қолдануын сұрадым. Әскери бөлімге адам жетіспейтіндігін айтып, штат құрамын ұлғайтуды сұрадым. Бізге 80-ге жуық әскери керек еді. Алайда бұл өтінішім де жауапсыз қалды. Бізде қаншама қойма бар. Бір адамға 8-12 қойма беріледі. Ол адам сол қойманың ішіндегі сақтаулы заттарға, тазалығына, құжатына, су құбырына, өсіп кеткен шөбіне дейін тазалап, тексеріп отыруы керек. Бұл деген физикалық тұрғыдан қарағанның өзінде мүмкін емес. Техникалық күзет құралдары, яғни бейнебақылау мен дабыл жүйесі істен шыққанын айттым. Бірақ әскери мекемелер мен көтерген мәселелерге мән бермеді», - дейді ол.

2021 жылдың маусымында сол әскери бөлімнің командирі зейнетке шығуына байланысты командирдің міндетін уақытша атқарушы қызметіне тағайындалған.

«Бөлім командирі зейнетке шықты. Арада айға жуық уақыт өтіп, 26 тамызда жарылыс болады. Мен ауыр жарақатпен ауруханаға түстім. Алғашында куәгер ретінде тергеуге шақыртылып жүрдім. Бірақ шілдеде куәгер статусым күдіктіге ауысты. Сондағы менің кінәм – өрттің шығуын дер кезінде білмегенім. Егер дабыл түймесі істемесе, мен өрттің шыққанын қалай білемін? Алайда жарылысқа дейін жағым талғанша айтып, хат жазып, шара қолдануын сұрап келдім емес пе?! Мен ол әскери бөлімде отырып түк істемесем, пробелмаларды біле отырып ешқайда жазбасам, көрмесем онда мені кінәлауға болады. Бірақ жоғарыдағылар уақытында мен жазған мәселелерді елеп-ескермесе, менің жазығым не?», - дейді Аслан Бақытжанов.

Айтуынша, өз бетінше шешім қабылдау құқығы болмаған.

Енді осы былықтың бәрін өзіме артып жатыр. Сонда осы жарылыстан тірі қалғаныма кінәлімін бе? 10-15 жыл жазықсыз түрмеде отыруым керек пе? Не үшін? Мен бұл айыппен келіспеймін. Тергеу ісі әділ болғанын талап етемін. Негізінде, қоймадағы жарылысты екі сарбаз қолдан ұйымдастырған. Оларға қатысты тергеу әлі жүріп жатыр. Сондықтан бұл жайлы ашып айта алмаймын, - дейді

Енді куәгерден күдіктіге айналған Аслан Бақытжанов істі әділ қарауды талап етіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама