Петропавлдың жаңа әкімі жұмысын қаладағы ЖЭО-ны тексеруден бастады
Биыл наурызда Петропавл жылу электр орталығындағы мұржаның бірі опырылып құлап, бір адам қайтыс болды
Петропавл жылу электр орталығы мұржасының 30%-ы бұзылды. Жауапты мамандар бұл іске осыдан бір айдан астам уақыт бұрын кіріскен. Петропавл қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Руслан Аңбаев жылыту маусымының дер кезінде басталатынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Жалпы биіктігі 150 метр түтін мұржасын санаулы адам қолмен бөлшектеп жатыр. Сондықтан бұл шаруалар ұзаққа созылып жатыр. Себебі қауіпсіздік шаралары басты назарға алынған.
Айта кетейік, биыл 20 наурызында Петропавл жылу электр орталығындағы мұржаның бірі опырылып құлаған. Көктемде қала тұрғындары жылусыз әрі ысық сусыз қалды. Үйінді астында бір адам қайтыс болды. Аталған фактіге қылмыстық іс қозғалып, орталық директоры мен бас инженері қамауға алынды. Қазір қала тұрғындары жылыту маусымы кезінде тағы да жылусыз қалудан қорқып отыр.
«Қалада жылыту маусымына дайындық бойынша ауқымды және жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Орталық жылумен жабдықтау жүйесіне 4 500 ғимарат қосылған. Жылу энергиясымен жеке сектордың 71 мың абоненті және 2 301 заңды тұлға қамтылған. Осы нысандар бойынша жылыту маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Қалада 84 білім беру нысаны жұмыс істейді. Оның 79-ы дайындық паспортын алды. Бұған жергілікті бюджеттен 7 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді», - деді Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев.
Әкімнің айтуынша, қалада 6,3 шақырым жылу желісі ауыстырылады. Жылы желісінің сапасын тексеру мақсатында қыркүйекте арнайы сынақтан өткізеді.
Қазір Петропавл жылу электр орталығындағы қондырғылардың 60%-дан астамы ескірген. Өткен жылыту маусымында ішкі желідегі ақау бойынша 46 өтініш түскен. 77 рет авариялық қазандық агрегаттарының ажыратылуы тіркелді. Соның салдарынан әкімдікке жылумен қамту сапасына қатысты тұрғындардан 500-ден астам қоңырау түскен.
Қала әкімінің айтуынша, биыл жылыту маусымында мұндай проблемалар болмайды.
Руслан Аңбаев 5 тамызда Петропавл әкімі қызметіне тағайындалды.