×

Петропавлдағы ЖЭО апаты: үйіндінің астынан адам іздестіріліп жатыр

Қазір арнайы комиссия құрылып, оқиға орнында барлығы 200-ден астам адам жұмыс істеп жатыр

 Самат Жақып 21.03.2022 | 14:03
фото: Halyq Uni

Петропавлдағы жылу электр орталығында апат болған аумақтан 1984 жылғы әйел іздестіріліп жатыр. Облыстық прокуратура өкілдерінің мәліметінше стратегиялық нысанда жұмыс істейтін машинист-қараушының қазір қайда екені белгісіз. Алдын ала болжам бойынша ол үйінділердің астында қалып қоюы мүмкін. Із-түзсіз жоғалған қызметкерді іздестіру шаралары әлі де жалғасып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, кеше кешкісін ЖЭО-дағы түтін шығатын мұржалардың бірі опырылып түскен еді. Әбден ескірген стратегиялық нысан, қатты желге шыдас бермей құлаған. Салдарынан энергетиктер бірнеше қазандықты мәжбүрлі түрде тоқтатып, шаһардағы тұрғын үйлер жылусыз және ыстық сусыз қалған болатын.

Төтенше жағдайға байланысты Президент Қасым –Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың есебін тыңдап, жағдайды тез арада қалпына келтіруді тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды.

Қазір арнайы комиссия құрылып, оқиға орнында барлығы 200-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Өңірге Нұр-Сұлтан қаласынан да білікті энергетиктер жетті. Алдағы уақытта тағы отыз маман Павлодармен Өскеменнен шақыртылмақ.

«Төтенше жағдайға байланысты кеше екі қазандық ғана жұмыс істеді. Түстен кейін тағы біреуін іске қосамыз. Төртіншісін кешке қарай жоспарлап отырмыз. Температура тұрақталады деп ойлаймын. Ал, қираған мұржаға арнайы экспертиза тағайындалды. Қорытындысы жақын күндері белгілі болады. Қалпына келтіруге жарамаса, жаңасын тұрғызуды жоспарлайтын боламыз. Ал шығын көлемі алдағы уақытта есептеледі», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

1984 жылғы әйелдің жолдасы да осы ЖЭО-да жұмыс істейді. Олардың 15 жастағы баласы бар. Қалада тіркелген төтенше жағдайға байланысты облыс орталығында Наурыз мерекесін тойлау бағдарламасы қысқартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама