×

Петропавлдағы ЖЭО түтін мұржасының құлауына қатысты тергеу аяқталды

ЖЭО-дағы апаттың мынадай себептері айтылды

 Самат Жақып 22.07.2022 | 11:52
фото: Halyq Uni

Энергетика министрлігі жанынан құрылған комиссия Петропавл ЖЭО түтін мұржасының құлауына қатысты тергеуді аяқтады.

Түтін мұржасының толық тексерілуін қамтамасыз ету және оның құлау себебін анықтау мақсатында комиссия қазандықтардың жұмыс режиміне, қазандықтардан шығатын газ параметрлеріне, түтін мұржасын пайдалану режиміне, мұржадағы түтін газдарының параметрлеріне энергетикалық сараптама және №1 түтін мұржасына техникалық құрылыс сараптамасын тағайындады.

Сараптама қорытындысы негізінде ЖЭО-дағы апаттың мынадай себептері айтылды:

  • түтін мұржасын салу сатысында жіберілген жобалау ақаулары және бетондау ақаулары;
  • жоспарлы-алдын ала жөндеу мерзімін, кезекті тексеру жүргізу мерзімін сақтамау бөлігінде түтін мұржасын тиісінше пайдаланбау;
  • қазандықтардан тыс шығатын газдың температурасы бөлігінде қазандықтардың жұмыс режимін сақтамау;
  • қазандықтардың жоғары апаттылығы және қазандықтардың апаттық (авария) тоқтатылуынан кейін мазутты пайдалана отырып, конденсаттың түзілуіне және төмен температуралы коррозияға қатысты газ жолы мен түтін мұржасының жұмыс жағдайларының нашарлауына әкеп соққан жиі іске қосылуы;
  • 2-ПЖЭО басшылық құрамы мен жауапты мамандары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы.

Комиссияның хабарлауынша, аталған факторлар жиынтығы түтін мұржасының құлауына себеп болды.

Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша осындай технологиялық бұзушылықтарға жол бермеу жөніндегі негізгі ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар әзірленді. Жол берілген кемшіліктер бойынша ҚР заңнамасында көзделген тиісті шаралар қабылданады.

Станция жабдықтарының авариялары мен тоқтаулары санының артуына себеп болған 2021-2022 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңіндегі жөндеу науқаны барысында жіберілген кемшіліктер үшін директорлар кеңесінің шешімімен «Севказэнерго» АҚ жауапты басшыларына лауазымынан босату және лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік шаралар қабылданды.

Алдағы жылыту маусымын сапалы дайындау және сенімді өткізу мақсатында «Севказэнерго» АҚ Петропавл 2-ЖЭО жұмысын қалыпқа келтіру бойынша жол картасын іске асыруда.

Еске салайық, 20 наурызда қаладағы жылу электр орталығындағы №1 мұржаның 60 метрі опырылып түсті. 1961 жылы салынған мұржа әбден ескірген. Төтенше жағдай кезінде 38 жастағы машинист әйел үйіндінің астында қалып, мерт болды. Аталған фактіге қатысты прокуратура қылмыстық іс қозғап, бірнеше адам қамауға алынды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама