×

Нұр-Сұлтанда 16 жастағы жасөспірім өзін ұрлап әкетіп, ауылда жұмысқа жеккенін хабарлаған

Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған баланың қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы өз үйінде екенін анықтады.

 Халық үні 11.08.2022 | 20:45
ашық дереккөзден

«НеМолчиKZ» қоғамдық қорына 16 жастағы жасөспірім өзін елордадан күштеп әкетіп, ауылда жұмыс істеуге мәжбүрлегені туралы хабарлама жолдаған. Қалалық полиция департаменті  тексеру жүргізді.

Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, жасөспірім қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы үйінде. Ата-анасының ешкімге шағымы жоқ.

16 жастағы баладан хабарлама түсті. Ол өзін Нұр-Сұлтан қаласынан ұрлап әкетіп, ауылға апарып, күш қолданып, жұмысқа мәжбүрлеп жеккенін айтып, хат жазған, - деп жазды Facebook-тегі парақшасында «НеМолчиKZ» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі.

Белсенді Ішкі істер министрлігінің «WhatsApp» мессенджеріне өтініш жолдап, хабарламаны тексеруді сұраған. Хабарламада бала өзінің мекен-жайы мен аты-жөнін көрсетпей, тек суретін ғана жолдағаны айтылған.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Тәртіп сақшылары жасөспірімнің қайда екенін анықтады. 

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында жасөспірімді ауылда жұмыс істеуге мәжбүрлегені туралы хабарлама назарға алынды. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған баланың қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы өз үйінде екенін анықтады. Баланың анасы жазғы демалыста ұлын Шығыс Қазақстан облысындағы ауылға туыстарына жібергенін айтқан. Жасөспірімге ол жер ұнамағандықтан, ол бұл туралы әлеуметтік желілерге жазған. Баланың анасы шағым түсіруден бас тартты», - деп түсіндірді қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама