×

Автобуста бұрынғы әйелін пышақтамақ болған ер адам 15 тәулікке қамалады

 Халық үні 06.08.2022 | 00:33
ашық дереккөзден

Алматыда бұрынғы күйеуінен пышақ жарақатын алған Ұлтуар Мұқашева болған жайды өз аузымен баяндады. Төрт күн бойы аңдып қыр соңынан қалмай, ақыры автобуста пышақпен атылған экс-жары енді жазадан сытылып кете ме деп қорқады, деп хабарлайды КТК телеарнасы. 
 

Ұлтуар Мұқашеваның айтуынша, полицияның "қылмыстық іс қозғайтындай жарақаты терең емес" дегені үрейін одан сайын ұшырған.

- Әкімшілік 15 күн деді, одан басқа жоқ па деген кезде «одан басқа жоқ, сіздің алған жарақтыңыз өте жеңіл жарақат» деді. Адамды соттату үшін 7 см-ге дейін пышақ кіргізу керек деді. Сол кезде ғана біз қылмыстық іс қозғаймыз деді. Он бес тәуліктен кейін босатып жіберсе, ол міндетті түрде келіп, бастаған ісін аяқтайды деп ойлаймын, – дейді жәбірленуші Ұлтуар Мұқашева.

Ұлтуардың айтуынша, тіптен бұрынғы күйеуінің шешесі де оған қоңырау шалып, «абай бол» деп ескерткен. Сол күні инспекторға хабарласып көмек сұрағанымен, ешқандай әрекет болмағанын айтады. Ортақ екі балалары бар. Бірге тұрған уақытта да қол жұмсап, таяққа жығып келген. Полицияда тіркеуде тұр.

Оқиға 31 шілде күні кешкісін болды. Автобустан түсіп жатқанда артынан таксимен қуып жеткен бұрынғы күйеуін көріп шошыған келіншек қайта ішке кіреді. Артынан ерген ер адамның әрекеті бақылау камерасына түскен. Бетіне ентелей сөйлесіп тұрып, бірден пышақпен жүрек тұсына атыла жөнеледі. Сол жердегі жолаушының бірі араша түсіп үлгерді. Куәгерлер полиция келгенше қаскөйдің басын көтертпей ұстап тұрыпты. Қазір тергеу жалғасып жатыр.

- Бұл дерек Алатау ауданы полиция басқармасында тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Оның қорытындысына сәйкес қылмыстық іс бойынша құқықтық баға беріліп, түпкілікті процессуалды шешім қабылданады,- дейді  Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама