×

Отанына опасыздық: Бағлан Майлыбаев қай уақытқа дейін бақылауда болады

Бағлан Майлыбаев 2017 жылы мемлекеттік құпияны заңсыз жинап, жария еткені үшін 5 жылға сотталды

 Халық үні 04.08.2022 | 10:20
Фото: ашық дереккөз

Ішкі істер министрлігі мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін сотталған ҚР президенті әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевтың қай уақытқа дейін бақылауда болатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, 2017 жылы Бағлан Майлыбаев мемлекеттік құпияны заңсыз жинап, жария еткені үшін 5 жылға сотталды. Алайда 2020 жылдың маусымында Майлыбаев мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды. Осылайша, Бағлан Майлыбаев жазасының өтелмеген мерзімі – 1 жыл 4 ай 21 тәулікке пробациялық бақылауға алынды. Пробациялық бақылау мерзімі 2021 жылдың қазанында аяқталды.

Тараз қаласы полиция басқармасының хабарлауынша, Бағлан Майлыбаев қылмысты өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған уақытта ешқандай құқықбұзушылық әрекет жасамаған. Алайда ол қазірге дейін полиция бақылауына алынған.

«Бағлан Майлыбаев қылмысты өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, алайда 2021 жылдың 21 қазанынан бастап 2026 жылдың 30 мамырына дейін әкімшілік қадағалау қарауына түсетін үлгілер бойынша есепке алынған», - делінген Тараз қаласы полиция басқармасының Halyq Uni ақпарат агенттігінің ресми сауалына берген жауабында.

Айта кетейік, әкімшілік қадағалау қылмыстың қайталануының алдын алу мақсатында ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін үшін жазасын өтеген азаматқа енгізіледі.

БАҒЛАН МАЙЛЫБАЕВ НЕ ҮШІН СОТТАЛДЫ?

2017 жылы 12 қаңтарда  Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қылмыстық кодекстің 185-бабы 1, 3-бөлігінде көзделген («Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету») қылмыстарды жасады деген күдікпен Қазақстан президенті әкімшілігінің қызметкерлері Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихинді ұстады. Екеуі де қылмыс жасағанын мойындады. Ал маусым айында №2 Есіл аудандық соты осы іске қатысты үкім шығарды.

Сот үкімімен Бағлан Майлыбаев кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды. Оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Николай Галихин Қазақстан Қылмыстық кодексінің 185-бабы 3-бөлігіндегі қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол 3 жылға дейін мемлекеттік органдарда жұмыс істей алмайды.

Сондай-ақ президентке сотталғандарды барлық мемлекеттік наградадан айыру туралы ұсыныс берілді. Үкім заңды күшіне енді. Істің құпиялылығына байланысты сот отырысы жабық өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама