×

Түркістан облысында сирек кездесетін өсімдікті жұлған ер адам 3 жылға сотталуы мүмкін

Күдікті аталған өсімдікті дәрілік шөп ретінде пайдаланатынын айтқан.

 Халық үні 04.08.2022 | 07:25
Фото: daritsa.ru

Түркістан облысында полицейлер «Қызыл кітапқа» енген алтын тамыр өсімдігін заңсыз жұлған ер адамды ұстады. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады. 

Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері кезекті рейдтік-профилактикалық шара кезінде сирек кездесетін «алтын тамыр» өсімдігіне ұқсас шөпті заңсыз теріп алған ер адамды анықтады.

Жергілікті тұрғын Қазығұрт ауданының шығыс жақ беткейіндегі таудан «Қызыл кітапқа» енген, жойылу қауіпі бар өсімдікті заңсыз теріп алған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 339-бабы 1-бөлігі «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бойынша тіркеуге алынды. Бұл бап бойынша 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе 800 сағаттық қара жұмысқа жегу жазасы тағайындалады. Сондай-ақ жеке мүлкі тәркіленіп, үш жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын ашу үшін жедел іске кірісті. Табиғатқа залал келтіруші тұрғын полицияға жеткізілді. Белгілі болғандай, күдікті аталған өсімдікті дәрілік шөп ретінде пайдаланатынын айтқан. Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында оқиғаның толық мән-жайы анықталатын болады. Тиісті сараптама тағайындалған.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама