×

Атырау облысында суға батып кеткен әкімнің мәйіті табылды

Ринат Жанқылыштың суға кеткені 31 шілдеде хабарланды

 Халық үні 01.08.2022 | 20:50
Фото: ашық дереккөз

Атырау облысында Жайық өзенінен Махамбет ауданы әкімі Ринат Жанқылыштың мәйіті табылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

31 шілдеде суға батып кеткен әкімнің денесі 1 тамыз кешкі сегіз шамасында Сарайшық ауылы тұсынан табылған. Марқұмның денесін жергілікті тұрғындар тапқан. Оқиғаға байланысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. 

Айта кетейік, Ринат Жанқылыштың суға кеткені туралы 31 шілдеде белгілі болды. 2022 жылдың 31 шілдесінде кешкісін Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары Махамбет ауданы Ортақшыл ауылына оқиға орнына жеткен бойда балық аулау құралдарымен іздестіру-құтқару жұмыстарын бастап кетті.

Оны іздеуге 40-тан астам адам жұмылдырылды. 1 тамыз күні сағат 06:10 шамасында Төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері су асты іздестіру жұмыстарын бастады. Іздестіру-құтқару жұмысына ТЖД 9 қызметкер, 2 жүзу құралы және 2 бірлік техникасы, аудандық полиция бөлімінің 10 қызметкері және 2 бірлік техникасы, жергілікті атқарушы органдардан 10 қызметкер және 1 бірлік техника, туыстарынан 15 адам жұмылдырылды.

Ринат Жанқылыш 1982 жылы туған. Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қаласында экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес департаментінде аға тергеуші ретінде бастаған.

Әр жылдары Атырау, Тараз қалаларында «Қазақстандық құбыр зауыты» ЖШС, «Қазақстан құбыр оқшаулау зауыты» филиалында басшылық қызмет атқарған.

Ринат Жанқылыш 2021 жылдың ақпанында Махамбет ауданының әкімі болып тағайындалған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама