×

«Салдары ауыр болады». Қытай АҚШ-қа ескерту жасады

ҚХР америкалық шенеуніктердің Тайваньға сапарын елдің аумақтық тұтастығын бұзу деп бағалайды

 Дәурен Ерболат 01.08.2022 | 17:11
Фото: Reuters

Қытай билігі АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Тайваньға барса, қатаң шаралар қабылдайтынын ескертті, деп хабарлайды Reuters.

Дүйсенбіде Нэнси Пелоси Сингапурға барып, Азия елдеріне сапарын бастады.

АҚШ Конгресі өкілдер палатасы жариялаған ресми құжатқа сәйкес, Пелоси Сингапурдан кейін америкалық делегация құрамында Малайзия, Оңтүстік Корея және Жапонияға барады деп жоспарланып отыр. Бірақ оның Тайваньға баратыны туралы нақты ақпарат жоқ.

Алайда ҚХР СІМ-нің ресми өкілі Чжао Лицзянь Нэнси Пелосидің Тайваньға баруы Қытайдың ішкі ісіне өрескел араласу болып саналатынын атап өтті. Тіпті, ол бұл сапардың салдары ауыр болатынын ескертті.

Біз АҚШ-қа Қытайдың дайын екенін тағы бір рет айтқымыз келеді. Қытайдың Халық-азаттық армиясы ешқашан қарап отырмайды. ҚХР егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін шешуші шаралар қолданады, - деді Чжао Лицзянь брифингте.

«Қытай армиясы қандай шаралар қолдана алады?» деген сұраққа ҚХР СІМ ресми өкілі «Егер оның (Нэнси Пелоси) (Тайваньға) баруға батылы жетсе, онда соңын күтейік» деп жауап берді.

Қытай АҚШ шенеуніктерінің Тайваньға сапарын ҚХР-дың аумақтық тұтастығын бұзу деп бағалайды.

Вашингтонның Тайваньмен ресми дипломатиялық байланысы жоқ, бірақ заң бойынша АҚШ аралға қорғау құралдарын беруге міндетті.

Айта кетейік, АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері, республикалық Ньют Гингрич Тайваньға барған соңғы спикер болып саналады. Ол 1997 жылы бұл елге барған.

Еске салайық, осыған дейін Қытай төрағасы Си Цзиньпин Тайвань төңірегіндегі шиеленістің өршуіне байланысты АҚШ президенті Джо Байденге ескерту жасаған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама