×

КамАЗ-дың астына түскен жігіттің жағдайы белгілі болды

Жол-көлік оқиғасы болған Атырау қаласындағы «Каспий» аялдамасына №12 жедел жәрдем бригадасы барған

 Халық үні 27.07.2022 | 19:58
фото: видеодан скриншот

Атырауда КамАЗ-дың астына түскен жігіттің жағдайы орташа ауыр күйде, деп хабарлайды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы. 

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 25 шілде болған.

«Сол күні жергілікті уақытпен сағат 19:00 шамасында 34 жастағы жігіт өз-өзіне қол салу мақсатында пышақпен мойынын кесіп, жарақат салған. Оны жұмыстан үйіне қайтып келе жатқан полиция қызметкерлері тоқтатуға оқталған. Алайда, сол кезде полиция қызметкерлеріне бағынбаған жігіт жолда жүріп бара жатқан КамАЗ автокөлігінің астына түскен», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жүк көлігінің астына түскен жігіт туралы хабар жедел жәрдем қызметіне сағат 19:13-те түсті. Қоңырауды жолай өтіп бара жатқан тұрғын шалған.

Жол-көлік оқиғасы болған Атырау қаласындағы «Каспий» аялдамасына №12 жедел жәрдем бригадасы барған. Жедел жәрдем бригадасының қызметкерлері қарау кезінде жігіттің жағдайы орташа ауыр күйде екенін анықтаған.

«Дәрігерлер 34 жастағы жігіттің тізесінің үсті, оң жақ жамбас сүйегі сынғанын анықтады. Мойнында пышақпен кесілген бірнеше жарақаты бар. Қазір науқас дәрігерлердің бақылауына алынды», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметінен.

Ал полиция қызметкерлері аталған оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабымен қылмыстық істі тергеп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама