×

Алматыда ер адам бұрынғы әйеліне қызғаныштан 15 рет пышақ сұқты

 Келіншек жансақтау бөлімінде жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 21.07.2022 | 15:01
Көрнекі фото

Алматы қаласында ер адам қызғаныштан түн ортасында бұрынғы әйелінің үйіне барып, 15 рет пышақ сұққан.

Бұл «Аlmaty» телеарнасы хабарлады.

Күдіктіден жәбірленушінің анасы да зарлап шеккен. Қазір екеуі ауруханада. 15 рет пышақ алған 23 жастағы келіншек жансақтау бөлімінде жатыр. Жәбірленушінің туыстары күдіктінің бұған дейін де қауіп төндіріп 1,5 жылдай тыныштық бермей келгенін айтады.

Сол кезде түн ортасында сыртқа шыққан әйел адамның шыңғырған дауысы көрші-қолаңды дүрліктірген. Көршілер 31 жастағы ер адамның жас келіншекті пышақтап жатқанын көреді. Куәгерлер қаскөйдің бұрынғы енесіне де тап бергенін айтты.

Кіндігінің астына пышақ ұрған. Жедел жәрдеп шақырдық. Кәдімгідей қан жоғалтты. Сөйлеп жерде жатты, – деді куәгер Нұршат Анаятов.

Оқиға куәгерлері күдіктінің араша болғысы келгендерге де пышақ ала жүгіргенін жасырмады. Қайта сол сәтте қаскөйді көрші үйде тұратын Ұлттық ұланның әскери қызметшісі тоқтатып үлгеріпті.

Мен айқаладым. Ол айналды да, жүгіріп қашты. Содан мен де артына түстім, қудым. Ол Қалқамандағы зират жаққа кіріп кетті», – деді 5571 әскери бөлімнің әскери қызметшісі Жарқынбек Айдарханбеков.

Куәгерлердің айтуынша, бұрынғы зайыбымен қоса енесін де пышақтаған азамат көршілерді көргенде дәл осы зиратқа қарай қашқан. Зираттардың арасына тығылып, жасырынғысы келген. Алайда соңына түскен тұрғындар оның жасырынған жерін анықтап, қолға түсіреді.

Күдікті ұсталғаннан кейін тәртіп сақшылары қамауға алды. Полиция департаменті қылмыстық істің қозғалып, сотқа дейінгі тергеудің жүріп жатқанын хабарлады.

Келіншек пен оның анасына ота жасалды. Операциядан кейін жансақтау бөліміне ауыстырдық. Жансақтау бөлімінде жатқан 23 жастағы науқастың жағдайы тұрақты. Кеше ИВЛ-ды шештік. Анасында іш жарақаты ғана бар. Қан кету белгілері бар. 70-80 мл қан кеткен, – деді қалалық №7 аурухана хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Мәуленов.

Жәбірленушілердің туысы Наргиза Сәкиеваның айтуынша, күдікті бұрынғы әйелі мен енесіне қызғаныштан пышақ ала жүгірген.  Себебі, ол ажырасқалы келіншекке тыныштық бермей келген көрінеді.

Ол мал да, хайуан да істемейтін нәрсе істеп жатыр. Адам емес ол. «Жоқ, менің махаббатым екеуімізге жетеді. Мен сені қатты жақсы көремін. Қызғанамын сені. Мен сені өлтірем немесе мендік боласың. Менікі болмасаң, ешкімдікі болмайсың» деп қорқытатын. 2-3 рет солай болған, 2-3 рет ажырасқан. Бірақ соңғы рет шектен шығып, сіңлім оны үйден қуып шықты, – деді жәбірленушінің туысы Наргиза Сәкиева.

15 жерінен пышақ жарақатын алған жәбірленушінің әпкесі күдіктінің тиісті жазасын алғанын қалайды. Ол жақындарының беті бері қарағаннан кейін, құзырлы органдарға арыз жазатынын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама