×

Елде жақсы мағынасында "шахановқұмарлық" басталған ба?

Халықаралық деңгейде танымал көрнекті ақын, дарынды драматург, халық жазушысы Мұхтар Шаханов біраз жыл билік тарапынан қудаланған

 Халық үні 17.07.2022 | 11:00
Фото: ашық дереккөздерден

Өйткені көкейкесті тақырыптар мен саяси ұрандар көтерілген санкцияланбаған наразылық шараларына қатысқаны үшін сол кездегі билікке жақпады.

Ақынның өзі де Нартай Аралбайұлымен  сұхбатында шындықты айтқаны үшін көп алдына шыға алмай қалғанына қынжылғаны бар. Оның өлеңдері мектеп оқулығында берілмейтін болған. Бұған қоса оны телеарналардан көрсетпеуге пәрмен болған.

Мені насихаттамау керек деген тапсырма берілген. Қайда барсам, сол алдымнан шығады. Мен оған үйреніп кеткенмін. Ренжімеймін де. Бастысы мені халық қолдайды. Менің сөзімді тыңдайды. Мені жақсы көреді, – деп мойымады ақынның өзі.

Ол кеңес кезінен бері шындық бәрібір билік құрады деп сеніп, саяси мінберлерден елдік мәселесін, халықтың проблемаларын көтеріп келді.

Кезінде Желтоқсан жайын айттым. Горбачевті алдадым: Арал мәселесін айтамын деп, мінберде желтоқсан туралы айттым. Мені Горбачев өлтірмекші болған. Мен бірнеше рет өлімнен қалдым. Қазақ тілін мемлекеттік тіл етейік деген де мен. Кейін де басшылар менің ізіме түсті. Себебі мен туфли жаламаймын. Туфли жалағыштар туралы ашық айтамын. Оным басшыларға ұнамайды. Бірде менің көлігімді апатқа түсіріп, өлтірмек болғандар болды. Тіпті ауруханада есімнен танып жатсам, өлі адамдардың қатарына жатқызып қойыпты. Мен бірнеше рет өлімнен қалған адаммын, – дейді Мұхтар Шаханов.

Ақиқат пен әділдіктің күрескері осы аптада 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Осының қарсаңында ақынға қойылған бейресми "ban" жойылды. 2022 жылғы 16 маусымда, Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысын өткізген Президент Қ.Тоқаев жиын соңында Мұхтар Шахановқа "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын беріп, оның кеудесіне өз қолымен "Отан" орденін тақты.

Мұхтар Шаханов сексен жасқа толады. Оның шығармашылық еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ол кісі – өте шыншыл, адал, ұлтжанды адам. Мен бүгін Мұхтар Шахановқа "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын беру туралы жарлыққа қол қойдым. Еліміздің ең жоғары марапатын ақынға ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсырғанды жөн көрдім, – деп жоғары баға берді Жаңа Қазақстанның лидері.

Сол-ақ екен, сеңнен босаған дарияның суынша, мемлекеттік насихаттың тиегі ағытыла жөнелді. Әр өңірле ақынды ұлықтаған шаралар, жиын-кештер өткізілуде. Бұл істен билік партиясы да қалыс қалмады. Соңғысына тоқталсақ, осы аптаның жұмасында "AMANAT" партиясының Жуалы аудандық филиалының бастауыш партия ұйымдарының бастамасымен партиялық жарналардан қайтарылған 20 пайыз трансферт қаржы есебінен "Ұлттық мұра" жобасы аясында Б.Момышұлы ауылында орналасқан орталық саябақта мәдени және спорттық іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда көрнекті ақын Мұхтар Шахановтың 80 жас мерейтойына орай оқырмандар арасында "Жыр мұхитының жүрдек кемесі" атты аудандық байқау ұйымдастырылды.

Ұқсас іс-шараларды Оқу-ағарту министрлігі балалар мектепке оралған соң, білім ордаларында жалғастырады деп күтілуде.

Ұлықтау шараларының шырқау шегі Тянь-Шань тауларына дейін көтерілуі мүмкін. Ұлттық құндылықтар қауымдастығы Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы, мәдени және саяси қайраткер, ақын Мұхтар Шахановқа қатысты бірқатар іс-шаралар өткізуді жоспарағанын хабарлады. Ондағы мақсат – ақынның азаматтық бастамалары мен көтерген қоғамдық мәселелерін, әдебиет саласына сіңірген еңбегін алғышарт ете отырып, ұлттық идеологияны насихаттау және жаңғырту, жастар арасында патриоттық тәрбиені арттыру көрінеді.

Жастардың бастамашыл тобы ақын Мұхтар Шахановтың нар тұлғасын насихаттау және ұлықтау мақсатында Іле Алатауындағы Тянь-Шань тау жүйесінде, теңізден 4 317 метр биіктікте орналасқан "Пик Советов" шыңының атауын "Мұхтар Шаханов шыңы" деп өзгерту, қайта атау жөнінде бастама көтерді. Осыған Экология министрі Серікқали Брекешевтен қолдау көрсетуді сұрадық. Аталған шараны жүзеге асыру еліміздің ішкі туризміне, ақынның шығармашылығы мен дара жолын насихаттауға, өскелең ұрпаққа рух пен жігер беруге ұйытқы болары анық, – дейді Ұлттық құндылықтар қауымдастығының құрылтайшыларының бірі, бастамашыл топ мүшесі Азамат Жолданбаев.

Бірақ олар шың атауын қалай өзгерту жолын білмейді екен. Сондықтан бас экологтан осы жобаны жүзеге асыруға оңтайлы жол сілтеп, қысқа мерзімде шешім табуға жәрдемдесуді сұрады.

Мамандардың түсіндіруінше, бұл мәселе экология министрлігінің құзырына кірмейді. Ел Үкіметінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі №397 қаулысына сәйкес, Қазақстан аумағындағы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне, әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол, метрополитен станцияларына, автовокзалдарға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының құзырына жатады. Комиссияға тау шыңына Шахановтың атын беру туралы ұсыныс әзірге түспепті.

Әлеуметтанушы Әнуарбек Жасан мұның астарында ақынның шығармашылығына құрмет пен сүйіспеншілік жатса дұрыс дейді, әйтпесе Президентке жағынудан не хайпқұмарлықтан туындаса, алысқа ұзамайды, науқаншылдықпен бітеді. 

Біздің қоғам бір адамды ұлықтаса, шектен шығуға бар, алайда ол адамнан теріс айналуы да тез. Мен маман емес, қазақ ретінде ойымды айтсам, Мұхтар ағаның ұстанымдарында келіспейтін тұстар бар. Мысалы, ол қазақ тілінің латын графикасына көшпеуін, кириллицада қалуын ынты-шынтысымен қалайтын адам. Кезінде ол "Латын әліпбиіне көшу қазақ халқын екіге бөледі" деп Президентке ашық хат жазды. Соның ықпалы ма, кім білсін, қазіргі Президентіміз бұл ізгі істі белгісіз мерзімге ысырды. Кремлдің қалағаны да осы. Түркі әлемімен бірге латыншаға жылдамырақ көшіп алғанда, жас ұрпақ, қазақ тілі орыс тіліне тәуелділіктен арыла бастар ма еді, – деді Ә.Жасан.

Ұлтжанды азамат, сол кездегі Парламентаризм институты директорының орынбасары болған Исламбек Арыстанбеков Мұхтар ағамыз бай мұрасы латыншаға көшпей қала ма деп алаңдайтын шығар деп, оның шығармаларын латын графикасына көшірген болатын. Қазақ тілінің бағын ашатын бастамаға қазақтың ірі тұлғасы қарсы болмасын деп.

Абай.kz, Зонаkz.net сайттарында Мұхтар Шаханов басқарған бір топ латындандыруға қарсы шығып, өз алаңдаушылығын білдірді. Ол да түсінікті. Кеңес дәуірінде күшпен орындату науқандарынан жүрегі шайлығып қалған жұрт кез келген жақсы қадамнан, жоспардан үркеді. Сондықтан әлеуметтік желіде Мұхтар ағамыз сияқтылар түсінсін деген мақсатпен оның өлеңдерін латындандырып орналастырудамыз, – деген еді сол кезде Исламбек Төлендіұлы.

Ендеше билікке, мамандарға жақұт тергендей, ақын мұрасынан ең асылын таңдап, қазіргі қоғам мен келер ұрпаққа соны ұсынса, игі.

Дереккөз: inbusiness.kz

Серіктес жаңалықтары

Сараптама