×

Украинада «HIMARS» соққысынан Ресейдің генаралдары қаза тапты

Байден жақын уақытта тағы 100 «HIMARS» қондырғысы берілетінін мәлімдеді

 Дастан Жұмабекұлы 15.07.2022 | 09:09
фото: novostivolgograda.ru

Украинада АҚШ-тың «HIMARS» ракетасының соққысынан Ресейдің қаза тапқан бірінші жоғары лауазымды офицерінің аты-жөні белгілі болды.

Бұл туралы The Moskow Times порталы хабарлады.

Офицерлер арасында алғашқы болып оққа ұшқан волгоградтық 20-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясы командирінің орынбасары, гвардия полковнигі, 49 жастағы Алексей Горобец  болып шықты.

Офицердің қазасы туралы қаралы хабар оның әйеліне жеткізілді.

Осыдан бірнеше күн бұрын Одесса облыстық әскери әкімгершілігінің өкілі Сергей Братчук украин әскерлерінің Херсон облысында орналасқан әскери базаларды атқылауы нәтижесінде 150 оккупанттың қаза тапқанын, олардың арасында бір генерал мен бес офицер бар екенін хабарлаған болатын.

Шабуыл кезінде «HIMARS» снарядтары қолданылды.

Украина шенеунігі 11 шілде күні оққа ұшқан офицерлердің аты-жөндерін атап көрсетті.

Олардың арасында мыналар бар:

Генерал-майор, 22-армия корпусы штабының бастығы Рафаиль Насыбулин;

Полковник Сергей Кенс, 20-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясы командирінің орынбасары Алексей Горобец;

Подполковник, 20-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясы штабы жедел бөлімінің бастығы Коваль (аты белгісіз);

Подполковник, 20-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясы артиллериясының бастығы Александр Гордеев.

АҚШ-тың ракеталары Херсонның жанындағы Жаңа Каховкада орналасқан Ресей армиясының қару-жарақ қоймасына соққылар жасады. Украина бас барлау басқармасы сол шабуылдың кезінде Ресейдің 12 жоғары дәрежелі офицерінің оққа ұшқандарын мәлімдеді.

АҚШ әскери көмектің жаңа пакеті аясында Украинаға тағы 4 «HIMARS» қондырғысын беріп, олардың санын 12-ге жеткізгелі отыр. АҚШ президенті Джо Байден жақын уақытта тағы 100 осындай отты қару берілетін мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама