×

Жөндеуге келмейді: «Қазгидромет» Жаңатас қаласындағы мемлекеттік мекеменің жай-күйін түсіндірді

Желіде мемлекеттік кәсіпорынның адамшошырлық видеосы жарияланды

 Ұлдана Жұбай 13.07.2022 | 15:10
скриншот: видео

Әлеуметтік желіде «Қазгидромет» РМК-ға қарасты Жаңатас қаласындағы (Жамбыл облысы) мемлекеттік мекеме ғимаратының қазіргі жай-күйі сөз болып жатыр. Ғимарат әбден тозған, ал мекеменің маңдайшасында «Қоршаған ортаны қорғау министрлігі» деген ведомствоның бұрынғы атауын байқауға болады.

Видео авторы бұл ғимараттың ауа-райын ғана емес, «ҚазФосфат» шығарған түтіннің құрамын зерттейтін зертхана екендігін жазған.

«Жауын-шашын болады деп SMS пен телефонды толтыратын хабарлама жіберетін жер. Көбіне болжамы болмай жатады. Сөйтсем осындай жерде отырып ойша ұра береді екен ғой», - делінген Нұрадин Рақайдың жазбасында.

Сонымен қатар мекеме атауының жоғары тұсына «Қоршаған ортаны қорғау министрлігі» деп жазып қойғанын көруге болады. «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова кәсіпорынның бюджеті шектеулі екенін айтып, жедел немесе апаттық жөндеу жұмыстары бірінші кезекте қаржыландырылатынын жеткізді. Ал, маңдайшаны ауыстыру станцияны көшірілген кезге қарастылылып отыр.

Аталмыш нысанға қатысты «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі түсінік беріп, мемлекеттік мекеме ғимаратының жөндеуге келмейтінін, 2021 жылдан бастап апаттық деп танылғанын жеткізді.

«Қазгидромет» РМК проблемалық нысандарынан – «Жаңатас» метеорологиялық станциясының қызметтік үй-жайы. 2021 жылдан бастап ғимарат апаттық деп бағаланды. Комиссиялық тексеру нәтижелері бойынша 2022 жылғы ақпанда оны жаңа орынға ауыстыру туралы шешім қабылданды, себебі қазіргі орналасқан жері басқару құжаттарының талаптарына сәйкес келмейді және ғимаратқа жөндеу жүргізу мүмкін емес. Жаңатас қаласының әкімдігімен бірлесіп, метеорологиялық станция мен станция қызметкерлеріне арналған мобильді блок-модульді орналастыру үшін жаңа жер учаскесі таңдалды. Жаңа блок-модуль көшіру үшін дайын, орналасу орнын растау күтілуде. 2022 жылдың сәуір айында Жамбыл облысы және Жаңатас қаласының әкімдіктеріне «Жаңатас» метеорологиялық станциясына жаңа жер телімін бөлу туралы хат жолданды», - делінген мекеме жауабында.

Halyq Uni тілшісі «Жаңатас» метеорологиялық станциясына жаңа жер телімін бөлу туралы хаттың орындалу барысын, апаттық деп танылған ғимараттың қашан бұзылатыны жайлы Жаңатас қаласы әкімдігіне жүгінді. Жаңатас қаласының әкімі Дүйсенәлі Борсықов мекемеге таңдаған орнынан жер беріліп қойғанын айтты.

Биыл Жаңатас қаласында орналасқан «Қазгидромет» мекемесінен жер бөліп беру туралы өтініш келіп түскен. Жаңатас қаласының әкімі аталған өтінішке сәйкес қала аумағынан «Қазгидромет» мекемесіне төрт жер (телімі) ұсынылды. Сол мекеменің таңдаған жері берілді, - деді қала әкімі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама