×

«BI Group басшысы LRT бағандарын бұзудан бас тартты» – Көлгінов

LRT құрылысын аяқтау үшін 577 миллион ​​доллар керек болса да, Елорда әкімшілігі нысан құрылысын аяқтау қажет деп есептейді

 Қанат Атаманов 08.07.2022 | 19:30
Фото: ашық дереккөздерден

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов құрылыс магнаты, BI Group басшысы Айдын Рахымбаев жұмыстың құнын білген соң LRT бағандарын өз қаржысы есебінен бұзудан бас тартқанын мәлімдеді.

Нұр-Сұлтанның сол жағалауында орнатылған бағандар берік әрі сапалы бетоннан жасалған. Әрқайсының салмағы шамамен 200-220 тонна, арасына арматура салынған, бетонның маркасы өте жоғары. Құрылыс жұмыстары кезінде сапасын мамандар тексереді. Техникалық, авторлық қадағалау жасайды. Ол жерде көптеген бақылау бар, - деді Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Еске сала кетсек, қаңтар айының ортасында BI Group басшысы LRT-ні өз қаражаты есебінен демонтаж жасауды ұсынған болатын. Кәсіпкер BI қаржысы есебінен демонтаж жасауға дайын екендігін әлеуметтік желідегі парақшасында жазған еді.

Бірақ, Көлгіновтың айтуынша, Айдын Рахымбаев бұл жұмысқа қанша қаржы жұмсалуы керектігін білгеннен соң бұл идеядан бас тартқан.

Демонтаж жасауды ұсынған адамдар цифрды көргеннен кейін бас тартты, оған 20 миллиард теңгеге жуық қаржы керек, - деп толықтырды әкім.

LRT құрылысын аяқтау үшін 577 миллион ​​доллар керек болса да, Елорда әкімшілігі нысан құрылысын аяқтау қажет деп есептейді.

Қазірдің өзінде 500-ден астам LRT бағаны бой көтерген. Ал LRT құрылысына қомақты қаржы жұмсалып қойғандықтан (келісімшарттың құны 1,8 миллиард доллар), бағандарды бұзу тиімсіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама