×

LRT дилеммасы: 230 бағананы қайта сүруге қанша қаржы керек?

«BI Group» компаниясының басшысы бетон қазықтарды компания есебінен демонтаж жасауға дайын екендігін жеткізді

 Ербол Тұрымбет 17.01.2022 | 11:20

11 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеп, елордадағы LRT жобасын тағы да сынға алды.

Мемлекет басшысының айтуынша, LRT еліміздің беделіне нұқсан келтіретін жобаға айналған. Алайда оны бұзған жағдайда, уақыт пен қаржы шығынына апаратынын атап өтті. Сондықтан жобаға қатысты оңтайлы шешім қабылдау қажеттігін айтты.

Бұл  әдеттегі инфраструктуралық жобадан еліміздің беделіне нұқсан келтіретін жобаға айналды. Бұған дейін көп қаржы бөлінді, шетелдік серіктертермен бірге келісімшарт бекітілді. Бұл жоба бастапқыда қате басталды. Мұны мойындау керек. Жемқорлықтың иісі аңқып тұрған жоба. Енді оңтайлы шешім қабылдауымыз қажет. Себебі оны бұзу – уақыт пен қаржы шығынына алып келеді. Бізде басқа амал жоқ. Осы жобаны қолданысқа енгізетін мүмкіндіктерді қарастыратын отандық және шетелдік архитекторларды шақыру қажет, – деді Президент.

Президент мәлімдемесінен кейін «BI Group» компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев бетон қазықтарды компания есебінен бұзып тастауға (демонтаж) дайын екендігін жеткізді. Ол LRT құрылысын соңына жеткізуге үзілді-кесілді қарсы. Себебі құрылыс несиесі, материалдардың қымбаттап бара жатқанын қоса алғанда қазынаға 4 миллиард доллар салмақ салуы мүмкін.

Қазақстан урбанистер қауымдастығы да қала келбетін бұзып тұрған бағандарды алып тастауды ұсынып отыр. Әлемдік тәжірибеде эстакадалар тау немесе басқа да табиғи кедергілерге тап болғанда қойылады. Екіншіден, эстакаданың маңы кемінде 50 метр жер индустриалды аймақ саналады. Сол себепті, бұл эстакадаларды бұзу керек деп есептейді. Дегенмен, қалаға бәрібір LRT керегін айтады. Өйткені халық саны өсіп барады. Соған сай қоғамдық көлік саласын трамвай, LRT, BRT, автобус сынды әртараптандыру қажет. Қауымдастық мүшесі Әлішер Мархабаттың айтуынша, жаңа LRT-ны Есіл өзенінің оң жағалауында, халық көп орналасқан жерде салу керек.

Айта кетейік, әуелдегі жоспар бойынша жалпы ұзындығы 22,4 шақырым, 18 бекеттен тұратын теміржол көлігі «Нұрлы жол» теміржол бекеті мен әуежай аралығын жалғауы тиіс болған.

Халық арасында «жемқорлыққа қойылған ескерткіш» деп атап кеткен ірі жобаның ендігі тағдыры жайлы Halyq Uni тілшісі арнайы материал әзірледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама