×

«Алматы жастары» бағдарламасы жұмысын тоқтата ма?

Биыл 1650 адамның өтінімі мақұлданған

 Дәурен Ерболат 07.07.2022 | 16:10
Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

«Алматы жастары» бағдарламасы жұмыс істей береді. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол бағдарлама 2023 жылы жұмысын тоқтатпайтынын атап өтті.

Иә, мен мұны нақтылаймын. Бағдарлама 3 жыл бұрын іске қосылды. Биыл конкурсты өткіздік. Көптеген өтінім түсті. Нәтижесінде біз 1650 өтінімді іріктеп алдық. Биыл олар бағдарламаға қатысады. Жоспарға сәйкес, Алматыдағы жас отбасылар үшін 1 мың жаңа пәтерді салуға қаржы бөлінеді. Егер қаржылай мүмкіндік болса, алдағы жылдары бағдарламаны кеңейтуге тырысамыз, - деді Ерболат Досаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

«Алматы жастарына» қойылатын негізгі талаптары

  • Алматыда кем дегенде 6 ай жұмыс өтілі болуы керек;
  • Өтініш берушінің және онымен тұрақты түрде тұратын отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда Қазақстан аумағында меншік құқығында жылжымайтын мүліктің болмауы тиіс;
  • 35 жасқа дейін және 35 жасқа толған жастар бағдарламаға қатыса алады.

Қандай құжаттар керек?

«Алматы жастары» бағдарламасына қатысу үшін несие алушының төлем қабілетін тексеру үшін құжаттар дайындау қажет.

  • Банктен төлем қабілетін тексеруге жолдама;
  • Клиенттің және клиент жұбайының жеке басын куәландыратын құжат;
  • Неке қию/некені бұзу туралы куәлік /сот шешімі/ қайтыс болу туралы куәлік;
  • Балаларының туу туралы куәлігі;
  • Барлық міндетті төлемдерді көрсетіп (қажет болған жағдайда), жалақы туралы анықтама (соңғы 7 немесе 13 ай үшін);
  • Өтініш беруші және барлық отбасы мүшесінің Қазақстанда жылжымайтын мүлкі жоқ (бар) екені туралы анықтамасы;
  • Жұмыс орнынан анықтама;
  • Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар; 

Барлық құжат түпнұсқада ұсынылуы керек.

Несие қанша пайызбен беріледі?

Егер жылжымайтын мүліктің сомасы 18 млн теңгеден асатын болса, клиент оны өз қаражатынан өтей алады.

  • Қарыздың ең жоғары сомасы – 8 млн теңгеге дейін;
  • Пайыздық мөлшерлеме – 5%;
  • Бастапқы жарна – 10%;
  • Несиенің максимал мерзімі – 25 жыл;
  • Алынатын тұрғын үй – бастапқы және қайталама тұрғын үй;
  • «Отбасы банк» АҚ-ның ішкі құжаттарына сәйкес төлем қабілеттілікті растау;
  • Қамту – 1000 адамнан кем емес.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама